"Теңіз жағасындағы 4 элиталық апартамент": Франциядағы Қайрат Сатыбалдыға тиесілі мүліктер сатылымға шығарылды

Францияның Лазур жағалауындағы Антиб мүйісінде орналасқан элиталық Parc du Cap тұрғын кешеніндегі Қайрат Сатыбалды мен оның отбасысына тиесілі болған апартаменттер сатылымға шығарылды. Бұрын сот шешімімен мемлекет пайдасына тәркіленген бұл мүлікті өткізуден түскен қаражат Қазақстан бюджетіне берілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Выход к морю" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Францияның оңтүстігіндегі Антиб мүйісінде орналасқан Parc du Cap элиталық тұрғын кешеніндегі бірнеше пәтер сатылымға қойылды. Ашық дереккөздердегі жылжымайтын мүлік хабарландыруларына қарағанда, бұл нысандар бұрын Қазақстанда сот шешімімен мемлекет пайдасына тәркіленген Қайрат Сатыбалды мен оның әйелдеріне тиесілі мүлік болуы мүмкін.
Шетелдік жылжымайтын мүлікке арналған танымал Prian агрегаторында жарияланған мәліметтер бойынша, сатылымға ұсынылған төрт апартаменттің ауданы мен орналасуы тәркіленген нысандардың сипаттамасымен сәйкес келеді. Бұған дейін бұл пәтерлер KS Propriete, SK Propriete, AB Propriete және GK Propriete атты Монакода тіркелген компаниялардың атына рәсімделген. Аталған компаниялар Қайрат Сатыбалды және оның жұбайларымен байланыстырылған.
Монакода тіркелген заңды тұлғалардың қазіргі иелерін ашық базалар арқылы анықтау қиын. Дегенмен активтер Қазақстан мемлекетінің пайдасына қайтарылғандықтан, бұл компанияларды басқару Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік құрылымға өткен болуы ықтимал.
Сарапшылардың бағалауынша, Франциядағы апартаменттердің жалпы құны шамамен 8,7 миллион еуроға тең. Нысандарды сатудан түскен қаражат Қазақстан бюджетіне аударылуға тиіс.
Айта кетейік, Қазақстанда да Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған бірқатар коммерциялық нысандар, яғни бизнес-орталықтар, қонақ үйлер мен базарлар сатылымға шығарылып, активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Франциядағы Parc du Cap тұрғын кешеніндегі сатылымға қойылған пәтерлердің жоспарлануы мен интерьері бір-біріне өте ұқсас. Бәрі де артық сән-салтанатсыз, қатаң әрі ұстамды стильде жасалған. Әр апартаментте жеке санитарлық тораптары бар үш жатын бөлме, қонақ бөлме, асүй және балкон қарастырылған. Пәтерлер толық жиһаздалған және жаңа иелерінің бірден қоныстануына дайын.
Тұрғын кешенде қауіпсіздік жүйесі жақсы жолға қойылған. Мұнда жерасты автотұрағы, жаттығу залы, SPA-орталық, сауналар, бассейндер бар, сондай-ақ теңіз көрінісі ашылады. Францияның жылжымайтын мүлік тізіліміне қарағанда, кешенде бұрынғы КСРО елдерінен шыққан тұрғындар да бар.
Атап айтқанда, Молдова, Беларусь және Ресейден келген бірнеше отбасы тұрады. Солардың ішінде ең танымалы Украина азаматы Александр Дмитриев. Ол Ресейдің Тікелей инвестициялар қорының басшысы әрі Украинадағы соғысқа қатысты АҚШ-пен бейресми келіссөз жүргізуші Кирилл Дмитриевтің әкесі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының мәліметінше, Дмитриев-әкесі өзінің француздық Rocket Holdings компаниясы арқылы Куршевельде де жылжымайтын мүлікке ие.
Билік Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген активтерді Францияда ғана емес, Қазақстанның өзінде де сатуға шығарып жатыр. Сәуір айының басында Алматыдағы Kaisar Plaza сауда-офис орталығы бойынша аукцион өтуге тиіс. Оның бастапқы бағасы шамамен 62 миллиард теңгені құрайды.
Сонымен қатар DoubleTree by Hilton қонақ үйі де сатылымға шығарылуы мүмкін. Ал "Байсат" базары үшін Қайтарылған активтерді басқару компаниясы 4 млрд теңге түсіруді жоспарлап отыр. Ол Лазур жағалауындағы пәтерлердің құнынан шамамен 1 миллиард теңгеге аз.
Тәркіленген мүліктің бір бөлігі мемлекеттік қажеттілікке берілді. Алматыдағы екі бизнес-орталық География институттарына және қалалық құрылыс басқармасына тапсырылса, тағы бір ғимаратқа Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті орналасты. Ал аяқталмаған қонақ үй сот әкімшілігі департаментінің қарауына өткен.
Айта кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінде Қайрат Сатыбалды қаржы жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталған еді. 2024 жылы оның жазасы бас бостандығынан айырудан бостандығын шектеуге ауыстырылды. Сол уақытқа дейін ол мемлекет бақылауына жалпы көлемі 732,8 миллиард теңге (шамамен 1,5 миллиард доллар) актив тапсырған. Бұл Астана қаласының жылдық бюджетінің шамамен жартысына тең.
- Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген Kaisar Plaza аукционға қойылды
Еске салайық, бұған дейін Қайрат Сатыбалды 2022 жылы қамауға алынып, қыркүйекте қаржы жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталды. Тергеу барысында Қайрат Сатыбалды мемлекетке миллиардтаған теңгенің активтерін қайтарды, ал 2024 жылы өтелген шығынды ескеріп, сот жазасын бостандығын шектеуге алмастырды.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр