Теңіз кен орнында газ ағып, екі қызметкер жұмыс орнында уланып қалды
Теңіз кен орнында күкіртті сутегілі газ ағып, компанияның екі жұмысшысы уланып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Қазақстанның мұнай-газ кеңесінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 8 наурызда газ өңдеу зауытының КТЛ-2.3 учаскесінде болған.
"Алдын ала ақпарат бойынша, газ сепаратордың фланецті қосылымынан ағып кеткен. Қатты химиялық иіс шығып, ауа улы бола бастаған. Салдарынан жақын маңда жүрген екі қызметкер тұншығып қалған. Оларды шұғыл эвакуациялап, алғашқы көмек көрсетіп, Атырау қаласындағы ауруханаға жіберді", – делінген хабарламада.
Нысан аумағынан қызметкерлер шұғыл түрде шығарылды. Ал авариялық қызметтер дереу ағып жатқан жерді жөндеді. Мәселені шешіп, жабдықты тексергеннен кейін қондырғыдағы жұмыс қайта қалыпқа келді.
Талқылау