Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теңгенің болашағы не болмақ? - Экономист болжам жасады

Доллар бағамы күн өткен сайын нығайып келеді. Кеше америкалық валюта 2 теңгеге қымбаттап, оның құны 475,91 теңгеге дейін жетті. Ал айырбастау пункттерінде 478,5 теңгеден сатылуда. Мұнай нарығындағы жағдай мен АҚШ федералды резервтік жүйесінің базалық ставканы 0,75%-ға қымбаттату деген ниетін ескеретін болсақ, ұлттық валюта әлі де құлдырайтын секілді. Теңгенің болашағы қандай болмақ? Экономист Алмас Чукин болжам жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Маманның айтуынша, біздің елдегі қазіргі экономикалық жағдай тұрақты. 

"Өйткені біз өндіретін барлық өнімдер: мұнай, металл мен астықтың әлемде жоғары құнын ұстап тұр. Ол осы жылдың бес айында өткен бір жылда жинаған салықты жинауға мүмкіндік берді. Доллар маусымға байланысты құбылып тұрады. Ол негізінен экономика ағымы мен салық мерзіміне байланысты. Маусым-шілде айларында доллар үлкен көлемде кетуде, өйткені әлі аудиттің есебін алған жоқпыз. Ірі шетелдік компаниялар былтырғы жылдың табысын шығарып жатқандықтан, долларға деген сұраныс жоғары болып тұр. 

Әдетте тамыз айында жағдай ауысады. Теңге нығаяды деп ойлаймын, өйткені жаңа жартыжылдық басталады. Екінші жартыжылдықтың салығы төленеді.

Жалпы доллардың теңгеге ғана емес, әлемдегі бүкіл валютағы қатысты қымбаттап жатқаны АҚШ орталық банкінің саясатымен байланысты. Олар инфляциямен күресіп, ставканы көтереді. Алдағы бірнеше жылда доллар күшейе береді деп ойлаймын", - деді Чукин.



Ұлттық банк валюта курсын еркін айналымға жібергенін хабарлаған еді. Маманның айтуынша, экономика үшін дұрысы да осы. 

"Белгіленген курс - экономика үшін ең үлкен бомба деп айтуға болады. Тұрақты бір курс болу үшін экономика да тұрақты болуы керек. Мен тұрақты курсты сақтап тұрған тек 2-3 мемлекетті білемін. Ең қарапайым мысал - Біріккен Араб Әмірліктері. Олармен салыстырғанда, Қазақстан экономикасының заңдары мүлдем басқа. Бізде ішкі жағдай ауысып тұрады", - дейді экономист. 

Талқылау