Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теңге құлдырап барады, елде девальвация болуы мүмкін бе – Қаржы вице-министрі жауап берді

Қаржы министрінің орынбасары Арман Қасенов теңгенің құлдырауына байланысты елде девальвацияның болу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Вице-министр журналистердің сұрағына жауап беріп, әзірге даурығуға себеп жоқ екенін жеткізді. 

"Мен өзім ұлттық валютаның "жанкүйерімін", ал кейінгі жылдары байқалған динамика да мұны дәлелдейді. Валютаға түрлі факторлар әсер етеді. Өзге валюталар секілді теңге экспорт пен импортқа байланысты болып қала береді. Алайда теңгедегі депозиттің табысы инфляцияны қоса есептегенде шетелдік валютадағы депозиттікінен көп", – дейді ол. 

Қасенов инфляция мен баға өсімі бақылауда екенін айтады. Сондықтан ұлттық валюта девальвация болмайды деп сендірді. 

"Бізде девальвация бұрыннан болмаған, себебі ол болуы үшін нақты себептер керек. Қазір мұндай факторлар жоқ. Біздің экспорт деңгейін білесіздер, биыл экспорт былтырғыдан жоғары. Импорт деңгейі төмендеді, сауда балансының деңгейі де жақсы. Сондықтан девальвация болады деуге негіз жоқ", – деп қосты вице-министр. 

Еске салайық, бұған дейін ақша айырбастау пунктерінде доллар бағамы 494 теңгеге жеткенін хабарлаған едік. 

Талқылау