Теміртауда майнингтік жабдықтарды ұрлады деп айыпталған полиция басқармасының бұрынғы басшысы ақталды
Фото: Ratel.kz
Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданының сотында майнинг құрылғысын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сотта белгілі болғандай, 2021 жылғы қарашада айыпталушылар топ болып әрекет етіп, Теміртаудағы КарГРЭС-1 аумағынан екі мыңға жуық майнингтік жабдықты ұрлап кеткені анықталды. Түрлі компанияларға келтірілген залал 150 миллион теңгеден асты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағанды облысы ПД Тергеу басқармасының тергеушісі Айдын Қанатов өз қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, азаматтық тұлғалар Николай Ким және Әлішер Ақатаевпен қылмыстық сөз байласуға барған. Осыдан кейін, 2021 жылдың 9-10 қарашасында алдын ала сөз байласқан топ құрамында әрекет ете отырып, Теміртау қаласындағы "Bassel Group LLS" ЖШС (КарГРЭС-1) аумағынан контейнерлерде сақтаулы тұрған майнинг жабдықтарын Қарағанды қаласындағы бөгде аумаққа алып кеткен. Сол жерден аталған жабдықтарды ұрлап, келесі тұлғаларға материалдық шығын келтірген:"Мәскеу Шинзауыты-М" АҚ – 951 714 теңге;"Электро.Фарм" ЖШҚ – 10 708 984 теңге; "Каланда" ЖШС – 23 499 850 теңге; "Вертонго" ЖШС – 115 223 067 теңге.
Прокурор сотталушылар Рустам Күлкеевке – 8 жыл бас бостандығынан айыру, Айдын Қанатовқа – 7 жыл бас бостандығынан айыру, Николай Ким және Әлішер Ақатаевқа – әрқайсысына 5 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушылар өз кінәларын мойындамады, қылмысқа басқа адамдардың қатысы бар екенін көрсетіп, сол тұлғалардың қылмыстық қудалау аясынан заңсыз шығарылғанын айтты.
Судья Шәріп Сисимбаев тарихи шешім шығарды. Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бұрынғы бастығы полковник Рустам Күлкеев толық ақталды.
Оның кінәсі дәлелденбеген, сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының тұжырымдары болжамдарға негізделген деп танылды. Сот оны екі бап бойынша да кінәсіз деп тапты: "Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану" және “Бөтен адамның мүлкін жасырын ұрлау". Сот залында Рустам Күлкеев қамаудан босатылды. Оған қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартудан келтірілген залалды өтеу құқығы берілді.
“Күлкеев Рустам Өрістемұлы кінәсіз деп танылып, кінәсі дәлелденбегендіктен, ақталсын”, – деді судья.
Бұл сөз залда толқу тудырды.
Егер Күлкеевке қатысты сот мейірімділік танытса, онда істегі басқа айыпталушыларға жеңіл жаза бұйырмады.
Полиция департаментінің тергеушісі Айдын Қанатов жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ол полиция аға лейтенанты атағынан айырылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды.
Қарағанды облысы әкімдігінің бұрынғы қызметкері Николай Ким және кәсіпкер Әлішер Ақатаев мүлікті ұрлауға кінәлі деп танылды. Екеуі де қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеде бес жыл төрт ай бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
