Теміртауда "Самал" санаторийін қалпына келтіру жұмыстары басталды

Qarmet компаниясы Теміртау қаласындағы аңызға айналған "Самал" санаторий-профилакторийін қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Жоба нысан инфрақұрылымын кешенді түрде жаңартуды және компания қызметкерлері мен өңір тұрғындарының демалып, ем алып, сауығуына арналған заманауи жағдай жасауды көздейді. Бұл жобаның жүзеге асуы кәсіпорынның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мен комбинат қызметкерлерінің денсаулығын қолдаудағы маңызды қадам болмақ.
"Самал" санаторийі 1980 жылы Самарқанд су қоймасының әсем жағасында ашылып, ондаған жыл бойы Теміртау металлургтері үшін ең танымал демалыс орындарының бірі болды. Мұнда комбинат қызметкерлері емін алып, денсаулықтарын нығайтып, отбасыларымен бірге уақыт өткізетін. Санаторий кәсіпорын жұмысшыларын әлеуметтік қолдау жүйесінде маңызды рөл атқарып, металлургтердің бірнеше буынына жақсы таныс орынға айналды.

Алайда уақыт өте келе ғимараттың жағдайы айтарлықтай нашарлады. Ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен, шатырдан су өте бастады, ішкі бөлмелер тозып, қабырғалары көгерді. Инфрақұрылымның қатты тозуына байланысты мекеменің қызметі тоқтатылды. Техникалық тексерулер мен профильдік комиссиялардың қорытындылары бойынша нысан келушілер үшін қауіпті деп танылып, салдарынан жабылды.

“Жақтау” кәсіподақ ұйымы “Самал” санаторий-профилакторийінің жұмысын қайта жандандыру мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Бұрынғы инвестор кезінде бұл нысанда іс жүзінде ешқандай жұмыс жүргізілмеді. Уақыт өте келе жарамсыз күйге түскендіктен жоғарғы қабаттар жабылды, ал қалған бөлігі, жұмсартып айтқанда, демалушыларға пайдасынан гөрі зиянын көбірек тигізді. Бүгінде жөндеу жұмыстары басталып, ауқымды өзгерістер мен инфрақұрылымды жаңарту жоспарланып отыр. Металлургтер үшін маңызды бұл мәселенің орнынан қозғалғанына қуаныштымыз. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін комбинат қызметкерлері қайтадан толыққанды демалып, сауықтыру шараларынан өте алады деп сенеміз", – деді "Жақтау" кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин.

Жоба аясында ғимаратқа кешенді жөндеу жүргізу, қасбеттері мен ішкі бөлмелерін жаңарту, сондай-ақ инженерлік жүйелерді – электрмен жабдықтау, жылу, су жүйелері мен желдетуді жаңғырту жоспарланып отыр. Демалушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ тұру жағдайы мен медициналық қызмет сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді.
Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын дамыту мен қалпына келтіру Qarmet компаниясының басым бағыттарының бірі. "Самал" санаторийінен бөлек, кәсіпорын басқа да сауықтыру нысандарын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, 2024 жылы "Шахтёр" демалыс үйінде келушілерге арналған бассейн қайта іске қосылды, ал балалардың сауықтыру лагерьлерінде жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Кезең-кезеңімен компанияның барлық санаторийлері жаңартылатын болады.

Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін "Самал" санаторий-профилакторийі толыққанды жұмысын қайта бастайды. Жаңартылған нысан 2026 жылдың соңына қарай заманауи келбетке ие болып, жайлы және сауықтыру жағдайларын ұсынып, металлургтер мен олардың отбасылары үшін қайтадан сұранысқа ие демалыс орнына айналады.
Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев