Теміртаулық өзін пәтеріне тіркемеген досының көзін әдейілеп шығарып жіберді
Теміртау тұрғыны өзінің танысын мүгедек етіп қойғаны үшін үш жарым жылға сотталды. Ішіп алып ашуға мінген ер адам өзінің бөтелкелесіне өз пәтеріне тіркемей қойғаны үшін қысым көрсеткен.
Бұл туралы nv.kz хабарлайды.
Жанарынан айырылған Теміртау тұрғыны мен айыпталушы жұмыс орнында танысыпты. Екеуі құрылыста бірге жұмыс істеп, достасып, кейін бірге ішетін болған. Ал құрылыс бригадасы болса өздерінің жаңа жұмысшысының бұрын төрт мәрте сотталғанынан хабарсыз болыпты.
Өткен жылдың 3 қыркүйегінде айыпталушы қарызын беру үшін кірген. Ол өзімен бірге бірнеге бөтелке арақ және сыра алып келген. Екеуі тез масаяды. Сол кезде айыпталушы досынан өзін пәтерге тіркеуді өтіне бастайды. Ал танысы болса оған қарсылық білдірген.
Ер адам бұған риза болмай, танысын жерге құлатып, аямай ұзақ ұрады. Ұрып қана қоймай, кеудесіне отырып алып үлкен саусақтарымен көзін жаныштап жібереді. Көмекке әйелі жүгіріп келген. Айыпталушы оған да дәл сондай қастандық жасамаққа ұмтылады. Алайда әйел оның құрығынан құтылып кетеді. Осыдан соң айыпталушы жүгіріп сыртқа шығып кетеді.
Зардап шегушіні бірден ауруханаға жеткізген. Ол бас-ми жарақатын алып, үш қабырғасы сыныпты. Ең қорқыныштысы дәрігерлер оның көзін алып тастаған.
Осылайша теміртаулық “Денсаулыққа әдейілеп ауыр зиян келтіру” бабы бойынша сотталды. Ол сотта кінәсін мойындап, өкінетінін айтқан. Ал жанарынан айырылған ер адам айыпталушыны мейлінше қатаң жазалауды сұрапты. Сондай-ақ, өзіне миллиондап өтемақы төлеуді де талап еткен. Ол енді үш жарым жыл жазасын өтеп, зардап шегушіге моральдық шығын мен көз протезі құнын өтеп беруі тиіс.