Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қысым жасалып жатыр": Qaznews24 сатиралық парақшасы жабылуға мәжбүр екенін мәлімдеді

 

Темірлан Еңсебек ісі: Qaznews24 сатиралық парақшасы жабылды
Коллаж: Stan.kz

Qaznews24 сатиралық парақшасы жабылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Құқық қорғау органдары тарапынан редакция мүшелерінің туыстарына қысым жасалып, жаңа тергеу тексерістері басталғанына байланысты агенттігімізді жабу туралы шешім қабылдадық. Қазіргі жағдайда біз өз жұмысымызды жалғастырып, Конституцияда кепілдік берілген сөз бостандығы мен шығармашылық құқығымызды жүзеге асыра алмаймыз", – делінген Qaznews24 жариялаған жазбада.

Сонымен қатар редакция мүшелері ешқандай грант алмағандарын алға тартты.

"Грант алып отырды деген ақпраттарға сенбеңіздер. Qaznews24 жұмыс істеген бүкіл кезеңде жарнама берушілер мен жазылушылардың донаттарынан басқа ешкімнен бір тиын да алған жоқ. Біз қалаған жалғыз нәрсе – саяси сатираның елімізде өмір сүруге құқығы бар екенін көрсету ғана еді", – деп қосты авторлар.

Айта кетейік, Темірлан Еңсебек Qaznews24 жобасынан ресми түрде кеткені белгілі болған еді. 

Еске салайық, Qaznews24.kz парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталған еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалған. 

Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты Темірлан Еңсебекті 5 жылға бас бостандығын шектеп, қоғамдық қызметпен айналысуға, оның ішінде журналист ретінде жұмыс істеуге, митингтерге қатысуға, сұхбат беруге тыйым салу туралы үкім шығарды. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 13 Тамыз, 2025 18:25
Талқылау