Депутат шенеуніктерді Telegram арқылы деректердің таралуына қатысы бар деп айыптады
Фото: parlam.kz
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Facebook желісіндегі парақшасында қазақстандықтардың ЖСН, мекен-жайы, телефондары мен туған күні сияқты жеке мәліметтерін тегін беретін Telegram-бот бар екенін жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат жазбасында Қазақстан азаматтарының жеке деректері үздіксіз таратылып жатқанын айтады.
"Жаслан Мәдиевпен жақын дос Дуровтың Telegram-ына бот жіберді", - деп жазды Әбенов министрдің аккаунтын белгілеп.
Депутаттың айтуынша, бот Қазақстанның барлық азаматының жеке деректерін кез келген адамға тегін таратып жатыр.
"Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған барлық дерек жалпыға қолжетімді: туған күні, ЖСН, тұрғылықты мекенжайы, телефондары. Сондай-ақ бірге тұратын отбасы мүшелері туралы және қандай пәтер сатып алғаны, қандай көлік мінгені туралы (деректер береді – ред.)
Тексеру үшін қазіргі және бұрынғы цифрлық даму министрлері Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевтің аты-жөнін енгіздік. E-gov жүйесінде тіркелген толық деректер, ұялы телефон нөмірлері, отбасы мүшелері туралы деректер шықты", - деп жазады депутат.
Әбеновтың айтуынша, осы базадан өздерін тексерген таныстары "әрқайсымыз туралы ақпарат бар екен" деп таңғалған: нақты ЖСН, соңғы кездегі телефон нөмірлері, үйінің мекенжайлары, тіпті ескі мекенжайлары, 15-20 жыл бұрын тұрған жері, көліктері.
Тіпті кәмелеттік жасқа толған балалардың да телефон нөмірлері ашық базада бар, дейді Мұрат Әбенов.
"Ең қауіптісі, бұл жаңа деректер, 2024 жылдың желтоқсан айындағы жаңартулар. (...)
Қылмыскерлер жария еткен осы базалар арқылы алаяқтық жасалады. Осылар бойынша бізге телефон соғып, WhatsApp-қа жазып, туыстарды қорқытады. Солардың көмегімен қарақшылар тұрғылықты жерімізді анықтап, жүрген-тұрған жерімізді қадағалайды. Негізінде, мәліметтерді жариялағандар қылмыс сыбайластары", - деп Әбенов Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға жедел шаралар қабылдау туралы үндеу жолдаған.
Бұл ақпаратқа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілдері пікір білдірді.
“Telegram-боттарды талдау нәтижесінде олардың бұрын тарап кеткен деректерді, ашық дереккөздерді және GetContact сияқты бөгде сервистерді пайдаланатыны анықталды. Тексеру және тиісті шаралар қабылдау үшін сілтемелер уәкілетті органдарға жіберілді”, – дейді министрлік өкілдері.
Олар бұған дейін 30-дан астам ұқсас боттар жабылғанын атап өтті.
"Азаматтарды мұндай қызметтерді пайдаланбауға және жеке мәліметтерді көпшілікке таратпауға шақырамыз. Мұндай боттар анықталған жағдайда, [email protected] электронды поштасына немесе 8 (7172) 649-405 жұмыс телефонына хабарлаңыз. Министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесіп цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың жеке деректерін қорғау бойынша жұмысты жалғастырады”, – делінген ведомство хабарламасында.

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
