Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Телефон ұтып алдыңыз": Ақтөбе тұрғыны алаяқтарға алданып, 1,5 миллион теңгесінен айырылды

Фото: freepik.com

Ақтөбе тұрғыны алаяқтарға алданып, 1,5 миллион теңгесінен айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полицияның мәліметінше, 7 қазан күні телефон алаяқтарына алданған қала тұрғыны шағымданған. Тергеу барысында алаяқтардың 49 жастағы жәбірленушіні “ұтыс ойынан ұялы телефон ұтып алдыңыз” деп сендірген. Алаяқтардың сөзіне сенген жәбірленуші екі рет өз атына онлайн несие рәсімдеп, алынған қаражатты алаяқтар көрсеткен шоттарға аударған.

Алаяқтар бұл ақшаның ұтыс комиссиясын және қатысушы жарнасын төлеу үшін қажет екенін айтып, қаржы сыйлықпен бірге қайтады деп уәде еткен. Нәтижесінде ер адам шамамен 1,5 миллион теңге қаржысынан айырылды.


Қазақстандықтарды алаяқтардан ешқандай заң қорғай алмайды – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

"Декларацияңыздың мерзімі өтіп кетті": Қазақстандықтарға тағы бір алаяқтықтың түрі туралы ескерту жасалды


Жедел-іздестіру шаралары кезінде аталған қылмысты жасады деген күдікпен Ақтөбе қаласының 18 жастағы екі тұрғыны ұсталған. Жас жігіттер өздерінің кінәсін мойындады.

“Тергеу барысында алаяқтардың жәбірленушінің әлеуметтік желілерде белгілі блогердің смартфон ұтысына қатысып жатқанын білгені анықталды. Алаяқтар өздерін “байқау ұйымдастырушылары” ретінде таныстырып, жәбірленушімен байланысқа шыққан және ұтысты рәсімдеу деген сылтаумен онлайн шоттарға сілтемелер мен реквизиттерді жіберген. Алынған қаражатты күдіктілер өзара бөліп, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған”, – делінген полиция хабарламасында. 

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада банк картасын алаяққа берген жасөспірімнің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 24 Қазан, 2025 22:11
Талқылау