Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Текеліде 30 жылдық қарағай аллеясын шауып тастады: Әкімдіктің жауабы белсенділердің ашуына тиді

Текеліде 33 жыл бұрын отырғызылған қарағай ағаштары шабылды. Бұл жайт қала тұрғындары мен белсенділердің ашуына тиді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оқиға орнында түсірілген видеоны Facebook желісінде Сандуғаш Дүйсенова есімді азаматша жариялады. Видео авторы 1989 жылы ағаштарды сыныптастарымен бірге отырғызғанын айтады. 

"Енді үлкен ағаш болғанда, шауып тастады", - деп ызаланды ол.

Аталған жайтқа қатысты Текелі қаласының әкімдігі пікір білдірді. 

"Бүгін әкімнің бастамасымен Текелі қалалық қоғамдық кеңесінің кезектен тыс жиыны өтті. Онда №8 орта мектебінің аумағында жауапты органдардың рұқсатынсыз ағаштардың шабылуы мәселесі көтерілді. 
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері қазіргі заң аясында №8 орта мектеп директорына қатысты шара қолдану туралы шешім қабылдады. Ол шабылған ағаштардың орнына он есе көлемде көшеттер отырғызып, олардың өсімін қадағалауы керек", - деп хабарланды әкімдіктен. 



Алайда белсенділер бұл жауапқа қанағаттанбады. Олардың пікірінше, мұндай "иттікке" барғандар мен оған жауаптыларды қатаң түрде жазалап, қызметтерінен босату керек. 

"Қатысы барлардың бәрін жұмыстан қуыңыздар. Қала кішкентай, оның үстіне жанында Қарабұлақ, Талдықорған, Чумыр бар. Бәрі бір-бірін таниды. Мұның қылмыс екенін бәрі естісін. Әлеуметтік желіде шуылдап, қоя салған болмайды", - дейді Жанна Ахметова. 

"Директор жұмыстан кетсін", - деді Сандуғаш Дүйсенова. 

"Ағаш отырғызса, ол оны өсірді деген сөз емес. Ағаштарға күтім мен кемі 10 жыл уақыт керек. Мұндай істер үшін түрмеге отырғызу керек", - дейді Рустам Саитов. 

Талқылау