Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тегеран АҚШ пен Израильмен бітімге келуден бас тартты

Фото: EPA/ТАСС

Иран АҚШ пен Израиль ұсынған атысты тоқтату келісімінен бас тартып, соғысты уақытша емес, толық әрі түбегейлі аяқтауды көздейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kyodo порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Kyodo агенттігіне берген сұхбатында Тегеран АҚШ және Израильмен атысты тоқтатуға келіспейтінін жария етті.

"Біз атысты тоқтатуды қабылдамаймыз. Біз соғыстың толық, жан-жақты әрі тұрақты аяқталуын қалаймыз", – деді ол.

Иран дипломатының айтуынша, Тегеран уақытша бітім емес, қақтығысты түбегейлі шешуге ұмтылады. Сондай-ақ Аракчи Иран Жапониямен байланысты кемелердің Ормуз бұғазы арқылы өтуіне "жапон тарапымен консультациялардан кейін" рұқсат беруге дайын екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе қазір екі ел арасында талқыланып жатыр.

Айта кетейік, Жапония импорттайтын шикі мұнайдың 90 пайыздан астамы Таяу Шығыс елдерінен келеді. Бұған дейін Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Аракчи Иранның АҚШ пен Израильге қарсы соғыста шегінбейтінін айтқан еді. Ол Иранның саяси жүйесі мықты екенін және жоғары лауазымды тұлғалардың жоғалуы елдің тұрақтылығына әсер етпейтінін атап өтті.

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ирандағы институттар жекелеген тұлғаларға тәуелді емес екенін, тіпті ең жоғары деңгейдегі басшыдан айырылған жағдайда да жүйе жұмысын жалғастыра беретінін айтты.



Еске салайық, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы 28 ақпанда басталып, үшінші аптаға созылды. Осы уақыт ішінде тараптар бір-біріне соққы жасап жатыр. Тель-Авив бұл әрекеттің мақсаты Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу екенін мәлімдеді. Ал Вашингтон Иранның әскери әлеуетін жоюмен қорқытып, азаматтарды билікті құлатуға шақырды. Өз кезегінде Иран өзін қорғауға дайын екенін айтып, келіссөздерді қайта бастауға әзірге негіз көрмей отырғанын жеткізді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 21 Наурыз, 2026 10:20