Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Театрдың жатақханасында 3 жыл тұрдық": Актер Еркебұлан Дайыровтың әйелі тұрмыс құрған жылдарын еске алды

Танымал актер Еркебұлан Дайыровтың әйелі, актриса Лейла Тлеуова алғаш рет тұрмыс құрған жылдарын еске алды. Актриса жеке парақшасына жазба жариялап, алғашқы баспанасын да көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өнер иесі де жолдасымен бірге театрда еңбек етеді. 

“Мен қарапайым отбасынан шыққан адаммын. Кішкентай кезімнен бар немесе жоқ дегенге үйренгем. Барымды бағалап, ешқашан ешкімнің дүниесіне, жағдайына қызыққан емеспін. Еңбектің арқасында жағдайым жақсы болатынын сезетінмін. Ұйқы алдында әрқашан Құдаймен сырласатынмын. Кейде ренжитінмін, балалық қой. 
Мен кез келген жағдайға оңайлықпен бейімделе алам, бірдеңеден жиіркену, менсінбеу деген нәрселер менде жоқ. Өйткені кішкентайымнан ауылда, қораны, малды, жалпы ауылдың тұрмысын көріп өскем. Және соған қуанам. Сондықтан қаланың ақсаусақ қыздарының қылықтары маған жат, ұнамайды”, – дейді актриса. 

Актрисаның айтуынша, туып-өскен отбасының да баспанасы болмай, біраз жалдамалы пәтердің есігін тоздырған. Еркебұлан екеуі шаңырақ көтерген жылдары да баспана іздеп, қатты қиналған.  
“3-сыныпты бітіргеннен кейін, отбасыммен қалаға көшкенде де өз үйімізді салғанша, біраз пәтер, жатақханаларды араладық. Осы жасыма дейін өмір мені біраз қаңғыртты.
Алматыға оқуға түскенде де интернатта (3жыл), жатақханада тұрдым.
Кейін күйеуге шығып, күйеуіммен театрдың жатақханасында (фотода) 3 жыл тұрдық. Ремонты деген “дерзкий” ғой. Касони сол жерде дүниеге келді. Артынан өз пәтерімізді алып, сол жерде 7 жыл тұрып (фотода), міне, көшкелі тұрмыз.
Айтқым келгені, ешкім дайын дүниеге аспаннан салбырап түскен жоқ. Бәрі өз уақытымен, бірінші – Алла, екінші – еңбектің арқасы.
Ешқашан біреудің ала жібін аттамай, өз жолдарыңызбен жүрсеңіздер, бәрі болады.
Бірақ тағы да айтарым, дүниеге дүние деп қараңыздар. Өмірде одан да маңызды нәрселер көп”, – делінген жазбада.

Еске салайық, Еркебұлан Дайыров алғаш рет ата-анасы туралы айтып, жылап қалғанын жазған болатынбыз. 

Талқылау