Тазы мен төбет күні: Қазақстанда тағы бір жаңа мереке пайда болды
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі 3 қыркүйекті тазы мен төбет сынды қазақ ит тұқымдарының күні етіп бекітетін жобаны жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: kk.wikipedia.org
Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Түзетулерге сәйкес мереке күндерінің тізбесі жаңа тармақпен толықтырылады.
"11-1. Қазақтың ит тұқымдары күні – үшінші қыркүйек болады", - делінген құжатта.
Экология министрлігі бұл мерекенің құрылуы қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасын, тарихы мен дәстүрлерін дәріптеудегі маңызды қадам болатынын атап өтті. Сонымен қатар, тақырыптық іс-шараларды өткізу Қазақстанның этнографиясы мен мәдениетіне қызығушылық танытатын туристердің назарын аударуы мүмкін.
"Сонымен қатар, кинология және онымен байланысты салаларды дамыту жұмыс орындарын құруға және салықтық түсімдерді ұлғайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл экономикалық өсу мен әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді", - деп атап өтті министрлік.
Мереке аясында қазақтың ит тұқымдары, олардың ерекшеліктері мен күтімі туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған дәрістер, семинарлар, көрмелер және басқа да іс-шаралар өткізілуі мүмкін.
Экология министрлігі бұл селекционерлерге, кинологиялық ұйымдарға және тұқым әуесқойларына тәжірибе алмасу, көрмелер мен басқа да іс-шараларға қатысу үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын айтты.