Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәжірибе бар": Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыс бойынша келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсынуға дайын

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыс бойынша келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың айтуынша, Қазақстан халықаралық қақтығыстар бойынша келіссөздер өткізуге алаң ұсыну тәжірибесіне ие. 

“Қазақстан Иран мен араб елдері арасындағы диалогты ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға дайын. Біз бұған дейін де алаң ұсынғанбыз. Оның ішінде Иран мәселесі бойынша. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда өткен келіссөздер осы мәселені шешуге елеулі үлес қосты. Сирия бойынша елімізде сириялық билік пен оппозиция өкілдері арасында 20-дан астам келіссөз раунды өтті. Осындай дипломатиялық қатысу әскери қақтығысты тоқтатуға және тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға мүмкіндік берді”, – деді Бақаев.

Оның сөзінше, Қазақстан бейтарап келіссөз алаңы ретінде тиісті тәжірибе мен беделге ие.

“Бізде мұндай тәжірибе бар. Егер тиісті өтініш түссе, оны мұқият қарастырамыз. Қазір мұндай өтініш түскен жоқ”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Ираннан қазақстандық дипломаттардың эвакуацияланғанын мәлімдеген еді. 

Жағдайдың мән-жайы

2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 14:27