Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәжікстанның ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрағаны туралы ақпарат тарады

Фото: odkb-csto.org

Тәжікстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан (ҰҚШҰ/ОДКБ) әскери көмек сұрағаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Reuters басылымы таратқан ақпаратта, Тәжікстан Ауғанстанмен шекарасында болған оқиғалардан кейін Ресеймен және ҰҚШҰ-мен келіссөздерді жандандырғаны айтылған.

Басылымның дерекөзінің мәліметінше, Тәжікстан шекара қауіпсіздігі үшін Душанбе маңында орналасқан ресейлік әскери базаның әскерлерін тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқан көрінеді. Егер оң шешім қабылданса, Ресей шекараны қадағалау үшін тікұшақтарды да қолдануы мүмкін екені хабарланды.

Ал Тәжікстан билігі ұйыммен шекараға қатысты келіссөздер туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Елдің сыртқы істер министрлігі Reuters агенттігінің Тәжікстан-Ауғанстан шекарасын бірлесіп күзетуге ресейлік әскерлерді тарту жөнінде келіссөздер жүріп жатыр деген ақпаратының шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Министрлік мәліметінше, республика шекарасындағы жағдай тұрақты және елдің күштік құрылымдардың толық бақылауында.

Еске салсақ, бұған дейін Бішкекте өткен ҰҚШҰ отырсында Иманғали Тасмағамбетов ұйымның бас хатшысы қызметінен кетіп, орнына Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыков тағайындалған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 20:46