"Тәжік жәрмеңкесіндегі жабайылықты ұмыту мүмкін емес": Жұлдыз Әбдікәрімова халыққа үндеу жасады
Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова халыққа үндеу жасап, тарихымызды танытуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial
Алдымен өнер иесі балалық шағынан сыр шертіп, қонақжайлықты сөз етті.
“Қонақ келе жатыр, үй жинаңдар!" Бала күнімнен білетінім, үйге қонақ келерде айналаны айнадай қылып, жалтыратып қоятынбыз. Анам арнайы ыдысын шығарып, дастарқанға бар тәттісін үйіп-төгетін. Бәріміздің үстімізге әдемі киім кигізіп, шашымызды тас қылып өріп қоятын. Келген қонаққа біздің тек жетістігімізді баяндап, реті келсе, жаттаған тақпағымызды айтқызып, 5 деген бағаға толы күнделігімізді көрсетіп қалатын", – деп бастады әңгімесін киножұлдыз.
Одан кейін актриса былтырғы Тәжікстанның Қазақстанға келіп өткізген жәрмеңкесін есіне алып, бұл жолы ондай ұятты әрекетке жол бермеуге үндеді.
"Айтпағым мынау, 8-16 қыркүйек аралығында Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен 5 мыңнан астам қонақ келеді. "5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындары" өтеді. Барынша қонақжайлық танытайықшы. Өткенде тәжік жәрмеңкесіндегі жабайылықты ұмыту мүмкін емес. Қазақ деген ұлттың бейнесін көрсететін біз. Мәселен, өзім шет елге барғанда таңданатын бір жайды айтайыншы. Түркияда әуежайдан қонақүйге жеткенше такси жүргізушісі елінің тарихын, қаланың әсемдігін тамсана баяндайды. Ұлы тұлғаларын айтып мақтанады. Сүйсінесің. Сізге жолыққан әр туристің алдында қазақ деген халықтың бейнесін көрсетіп тұрғаныңызды әрқайсымыз ұмытпайықшы", – деп өтініш айтты өнер иесі.
Еске салайық, былтыр тәжік жәрмеңкесі кезінде астаналықтар көрмеге қойылған жеміс-жидектер мен киізүйді әсемдеу үшін қойылған тәжік тәрелкелерін алып кеткенін жазған едік.