Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бункерге түскен": Қостанай облысында төрт бірдей жұмысшы қаза тапты

Рудный қаласында 6 қазан күні таңертең Топорков көшесіндегі бункерде төрт адамның денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: iagorod.kz

Құтқарушылар ес-түссіз жатқан жұмысшыларды бес метрлік бункерден шығарды. Ал жедел қызмет топтары төрт адамның да қаза тапқанын растады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 4 адам да тазалау жұмысын жүргізу үшін бункердің ішіне түскен. 

“112 пультіне Қостанай облысы Рудный қаласында 5 метр тереңдіктегі бункерді тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде 4 адам төмен түсіп, су бетіне шықпағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жедел жәрдем қызметі барды. Құтқарушылар жұмысшылардың денесін бункерден шығарды. Жедел жәрдем қызметкерлері олардың қайтыс болғанын растады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Өлімге нақты не себеп болғаны әлі белгісіз.

Облыстық прокуратура бұл факті бойынша полицияның сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын, Рудный қаласының прокуратурасы қадағалау жүргізіп жатқанын хабарлады.

Талқылау