Тазабеков Қуат Найманның әрекеті жайлы: Оны басып отыратын аға жоқ

Мұхамеджан Тазабеков Қуат Найманның әрекетіне қатысты пікір білдірді. Батырдың байсалдылығын айта келе, оған ағалық ақылын айтты. Батырға жол сілтейтін ағалардың аз екенін айтты. Балуанға өкпе айтқан көпшіліктің реніші орынсыз деген ойын жеткізді. 

"Қолымен істегенін мойнымен көтеруден ер жігіт қашпайды ғой. Заң орындарының әрекеті, Қуат бауырымның қапасқа кіріп-шығуы өмірде болып жататын заңдылықтар деп ойлаймын.

Менің айтпағым басқа. Жалпы, Қуат Хамитов батырымызды әжуалап, сыртынан әр нәрсе жазып қажет емес. Қашаннан батырдың бір сипаты сол - әрекетінің артын ойламау. Артын ойлап, “басыма соққы тисе не болам?” деген жігіт рингке шықпайды. “Жауымнан жарақат алам ба?” деген батыр майданға бармайды. Батырдың негізгі қасиеті сол - ренжіттің бе ашуланады, қарсы шықтың ба ұмтылады, қорладың ба құлатады.

"Мәселе, батырды басып отыратын, байыптылыққа шақырып бағыт сілтеп отыратын, ойына ой қосып, сабырын ұйытып отыратын ағаның жоқтығында. Батыр да бір - қанжар ғой. Жүзінен ұстасаң қолыңды кеседі, сабынан ұстасаң қажетіңе жарайды", - деп жазды Тазабеков. 

"Батыр - аңғал" демекші, Тазабековтің айтуынша, батырдың қызбалығы дауға әкеп соқты. Оған кеңес беріп, жөн сілтер, дер кезінде басу айтар адамның жоқтығын мойындады.

"Наурызбай батыр сұмдық өжет, көзсіз батыр болған екен. Соны білген ағасы Кенесары әрдайым інісінің арынын басып, ақылын сіңіріп, алдын тосып жүреді екен.

Бірде Наурызбай жолбарыс соғып әкелсе керек. Жұрттың бәрі шулап, “пай-пайлап” тамсанып, жиналып қалыпты. Елдің дүбірін естіп, сыртқа шыққан Кенесары масайрап тұрған інісіне қарап:” Тәйт ары, мұнысы несі, бір мысықты өлтірдім деп сонша мәз болғаның не?” деп мән бермеген қалыпта үйіне қайта кіріп кетіпті.

Кейін, “мұныңыз қалай болды, неге олай дедіңіз?” дегендерге Кенесары : ”Наурызжан көзсіз батыр ғой, оны қолпаштай берудің қажеті жоқ, қызып кетіп, керек емес жерде пайдасыз нәрсенің үстінде мерт болуы мүмкін” деген екен.

Сол сияқты, қазақ батырлығының кемдігінен, жүректілігінің жетпегенінен есесі кетіп жүрген жоқ. Батырға бас болатын бидің жоқтығынан, жүректіге жөн айтып, жол сілтейтін дуалы ауыз даналардың тапшылығынан қор болып жүргені өтірік емес.

Керек кірпішті кетігіне қалайтын абыздардан гөрі қазір бәйгенің атын көкпарға салып, салтанатқа мінетін тұлпарды соқаға жегетін парықсыз пенде көп.

Әр буынның өз жүгі бар. Ақсақал азса, ел ағаларының еңсесі түседі, ел ағалары ез болса, жастардың желкенін кім үрлеп, жолын кім ашады", деп жазды. 

Тазабеков ініні де, ағаны да арандатып, жаман атқа қалдырар пендешіліктің көбейіп кеткенін айтады. Бұның бір мысалы ретінде Бекболат Тілеуханның соңынан айтылған сынды ескертті. 

"Сахнаның гүлі болып жүрген ақынды да сақыр-сұқыр еткен алаңға итермеледік, ту көтеріп жүрген батырды да байсалдылыққа шақырып, жүрегін жұбата алмай қызбалықпен айтқан сөзін қайтып алғыздық.

Уызына жарып өскен, ұлттық рухтың байрағандай Бекболат жырауды да аға болар шағында, ағаш атқа мінгізіп, ала тайдай қуалап, қыр соңына түсіп, қыбыр еткізбей отырмыз.

Ініні ірітіп, ағаны алалап әуреміз. Қазаққа кім жаққан?!

Сырттан келіп сыбағаңды түгендейтін, жыртығыңды жамайтын ешкім жоқ қой. Алауыздық атамыздан қалған енші ме еді?

Неге, ел алдында сықиған сырбаз болып көрініп, оңашада өсектен басқа айтары жоқ, “хан сыртынан жұдырықтан” басқа қарекеті жоқ “зиялысымақ” көбейді?!

Ініге аға бола алмасақ, аға болар тұлғаларды жау тұтсақ, елдің естияры кім, жұрттың жол бастары кім?

Қуаттай батырларға Бекболаттай жыраулар аға болып жүретін, Бекболаттай ағаға батыр інілер ізбасар болып жүретін, қазақтың ынтымақ пен берекесі тасыған күнді көруді Алла баршамызға нәсіп етсін!", - деп жазды Тазабек.

Естеріңізге сала кетейік, Хамитов 14 қыркүйекте Алматы полициясына жеткізілді. Бұған Хамитовтің әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылыққа шақырған видеосы себеп болды. Қуат Найман Хамитов өзінің жанжалды видеосы жайлы айтып берді.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр