Таза әрлеудегі пәтерлер тиімді: Қазақстандық құрлыс компанияларына қойылатын талап өзгермек
Қазақстанда таза әрлеудегі пәтерлер қара әрлеудегі тұрғын үйге қарағанда тиімдірек болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Бұл туралы "Отбасы банк" басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова айтып берді.
"Тәуекелдерді салыстыратын болсақ, қара әрлеудегі пәтер сатып алғанда, сіз шын тек цементке ғана инвестиция саласыз. Содан кейін жөндеу жұмыстарын жасау үшін қосымша қаражат іздеу керек. Біздің сауалнамалар көрсеткендей, ипотекаға пәтер сатып алатын қарыз алушылардың 90 пайызы жөндеуді тұтынушылық несие есебінен жасайды. Ал бұл тағы жылдық 45-50 пайыз", – деп атап өтті банк басшысы.
Оның айтуынша, "Отбасы банк" тұрғын үйді "таза әрлеуде" сатуға мүдделі. Сондықтан "Наурыз жұмыскер" мемлекеттік бағдарламасында жаңа өзгеріс енгізілгенін, оған сәйкес банк таза әрлеудегі пәтерлерді бастапқы жарнасы 10 пайызбен беретінін атап өтті.
"Біз пәтерлердің таза әрлеуде сатылғанын қалаймыз. Құрылыс компанияларына қойылатын барлық талаптар бұрынғыдай қалады. Жыл басынан бергі жақсы жаңалығымыз – қаңтар айынан бастап таза әрлеудегі пәтерлерді сатып алуды ынталандыруды бастадық", – деп толықтырды Ибрагимова.
Оның айтуынша, қара әрлеудегі пәтерлерді сату тәжірибесі – Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында сирек кездесетін құбылыс.
“Әлемде көбінесе қара әрлеудегі пәтерлер сатылмайды. Шетелде құрылыс компаниясынан тұрғын үй сатып алған адам чемоданын, матрасын алып, толықтай дайын пәтерге кіріп кете алады", – деп түйіндеді банк басшысы.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда құрылыс салушылар үшін 16%-дық қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасы енгізілгеннен кейін тұрғын үй бағасы көтерілуі мүмкін екенін жазғанбыз.