Таяу Шығыстағы жағдай теңге бағамына әсер ете ме: Ұлттық банк төрағасы жауап берді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Таяу Шығыстағы жағдай теңге құнына әсер ете ме деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тимур Сүлейменовтың айтуынша, еліміздің экспорттық түсімі негізінен мұнай бағасына байланысты қалыптасады.
“Мұнда бюджет пен Ұлттық қордың кірістері сияқты маңызды әрі концептуалды мәселелер де бар. Қазақстанның экспорттық түсімі негізінен мұнай бағасына байланысты қалыптасады. Демек ол еліміздің экспорттық түсімінің 50%-дан астамы деген сөз. Ал бюджет пен Ұлттық қор кірістерінің 30%-дан астамы мұнай есебінен түседі. Сондықтан мұнай бағасының өсуі, ең алдымен, экономикалық белсенділіктің артуына әсер етеді. Бұл мұнай-газ секторының Жалпы іщкі өнімге қосатын үлесінің артуы арқылы байқалады”, – дейді Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, мұнай бағасының өсуі Ұлттық қорға және бюджетке түсетін түсімдердің артуына ықпал етеді.
“Әрине, бұл бірден жүзеге асатын процесс емес. Мұнай нарығында келісімшарттар әдетте алдын ала жасалады. Сондықтан көп нәрсе мұнай бағасының жоғары деңгейі қанша уақыт сақталатынына және әскери қақтығыстың қанша уақытқа созылатынына байланысты. Егер мұнай бағасы жоғары болса, бұл экспорттық түсімнің артуына әкеледі. Ал экспорттық түсім артса, нарықта валюта ұсынысы көбейеді. Соның нәтижесінде басқа жағдайлар өзгермесе, теңге бағамы тұрақты болады”, – деді төраға.
Тимур Сүлейменов теңге бағамының әлсіреуіне алып келетін алғышарт көріп отырған жоқпын дейді.
“Егер күтпеген сыртқы әсерлер болмаса, жақын уақытта теңге шамамен қазіргі диапазонда сақталуы мүмкін. Тағы да қайталап өтейін, әскери қақтығыстың болуы өте жағымсыз жағдай. Алайда оның белгілі бір экономикалық салдары да болады. Соның бірі мұнай бағасының өсуі. Ал бұл өз кезегінде Ұлттық қор мен республикалық бюджет кірістерінің артуына әсер етеді”, – деді төраға.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалғаны туралы жазған еідік.
Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді