Таяу Шығыстағы жағдай: Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтар туралы ақпарат жинап жатыр

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан қазақстандықтарды эвакуациялау бағыттарын нақтылап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, өңірдегі шетелдік мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген. Дипломаттар туристік компаниялармен бірлесіп, әуежайлар мен транзиттік аймақтарда жүрген азаматтарға көмек көрсетіп жатыр.
Жедел қолдау көрсету үшін шұғыл байланыс желілері мен мессенджерлерде арнайы чаттар құрылған. Ол арқылы қазақстандықтар кеңес пен ұсыныс ала алады.
“Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі мекемелерде жедел байланыс желілері ашылды. Шиеленіс аймағында жүрген азаматтарымыздың саны туралы ақпарат жинап жатырмыз. Транзиттік аймақтарда жүрген азаматтардың нақты санын атау қиын”, – делінген хабарламада.
Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері туристік компаниялармен бірлесіп, әуежайлар мен транзиттік аймақтарда жүрген азаматтарды орналастыру мәселесінде көмек көрсетіп жатыр.
“Ел азаматтарын шиеленіс аймағынан шығару бойынша шаралар мен бағыттар пысықталып жатыр. Қосымша түсіндірмелер министрлік пен шетелдегі мекемелердің ресми ресурстары және Kaspi Travel қосымшасы арқылы таратылады”, – делінген хабарламада.
Қазір Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Министрлік отандастарды сабыр сақтауға, қауіп деңгейі жоғары аймақтардан аулақ болуға және жергілікті билік нұсқауларын қатаң орындауға шақырды. Жағдай мемлекеттік органдардың тәулік бойы бақылауында.
Жағдайдың мән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.
Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.
Қазақстандықтарға биыл жазда қайда бару тиімді: Грузия арзандап, Мальдив аралдары қымбаттаған