Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таяу Шығыстағы жағдай: Қазақстандықтар Мысырға бара ала ма

Таяу Шығыстағы жағдай: Қазақстандықтар Мысырға бара ала маФото: depositphotos.com

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев қазақстандықтарға Мысырда демалуға тыйым салынбағанын мәлімдеді. Әзірге Мысыр туристерді қабылдауды жалғастыруда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Таяу Шығыста орын алған жағдайға қарамастан, Мысырға баруға ресми шектеу енгізілген жоқ. Дегенмен сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріне жақын арада бармауға кеңес берді.

"Иә, біз бірқатар елдердің, соның ішінде Мысырдың да туристерді қабылдап жатқанын білеміз. Әуе рейстері қалыпты режимде орындалуда. Алайда өңірдегі жағдайдың құбылмалы екенін ескере отырып, азаматтарды шетелге шығу мәселесіне барынша жауапкершілікпен әрі байыппен қарауға шақырамыз", – деді Жетібаев.


Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыста ешқандай тарапты қолдамайды


Айта кетейік, Иран, АҚШ және Израиль арасындағы қақтығыс аймағынан отандастарды эвакуациялау үшін мемлекет ауқымды шаралар қабылдап жатыр. Таяуда Маскат қаласынан Алматыға бортында 314 жолаушысы бар рейс ұшып келеді. Кейін дәл осы бағыт бойынша шамамен 230 адамнан тұратын екінші топтың ұшуы жоспарланған. Осылайша, Оманнан Қазақстанға 500-ден астам азамат оралады. Сонымен қатар бүгін Жидда – Атырау және Жидда –Ақтау бағыттары бойынша эвакуациялық рейстер жоспарланған. Бұл рейстер арқылы 326 Қазақстан азаматы елге қайтарылады.

Осыған дейін Flydubai әуе компаниясы Дубайдан Астана мен Алматыға екі эвакуациялық рейс орындап, Қазақстанға 306 жолаушыны жеткізген еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 04 Наурыз, 2026 18:30