Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ормуз бұғазының жабылуы, мұнай бағасының өсуі: Таяу Шығыстағы соғыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді

Фото: Stan.kz

Таяу Шығыстағы жағдай әлем елдерін алаңдатып қойды. 28 ақпан күні АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған бірлескен соққысы Әли Хаменеидің қазасына, Ормуз бұғазының жабылуы мен халықтың жаппай наразылығына алып келді. Осы орайда Stan.kz сарапшылардан жағдайдың Қазақстанға әсері, мұнай бағасының өршуі мен қақтығыстың қандай сценариймен өрбуі мүмкін екенін сұрап білді.

Қақтығыстың мән-жайы, Ормуз бұғазының жабылуы

АҚШ пен Израиль Иранға 27 ақпаннан 28-іне қараған түні соққы жасады. Бұл Дональд Трамптың тактикалық қадамы болуы мүмкін. Себебі демалыс күндері биржалар жұмыс істемейді. Стратегиялық шикізат бағасы күрт өзгермейді, ал дүйсенбіге қарай алғашқы эмоциялық шок басылып, мұнай, газ және өзге ресурстар бағасы қалыптасады. Бұған дейін АҚШ Венесуэлаға да осындай әдіс қолданған еді.

Десе де 2 наурыз күні Лондон биржасында мұнай бағасы сауда-саттықтың ең жоғары шегі 13%-ға өсіп, барреліне 82 долларға жетті. Биржа ойыншыларының алаңдау себебін түсіну үшін Таяу Шығыстағы жағдайға мойын бұру жеткілікті. Себебі Ормуз бұғазы – Иран мен Оман арасындағы теңіз дәлізі. Ол Парсы шығанағын Үнді мұхитымен жалғап жатыр. Дәл осы өткел арқылы Біріккен Араб әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Бахрейн, Катар, Кувейт өз мұнайын экспорттайды.

Мәліметке сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың кемінде 20% және сұйытылған табиғи газдың кемінде 25%-ы өтеді. 

2 наурыз күні түстен кейін Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы тоқтатылғанын хабарлады.

Оның айтуынша, қазір бұл маңда әскери операция жүріп жатқандықтан, ешкімнің өтуге құлқы жоқ. Қазірдің өзінде бұғаз арқылы өткен үш кеме, үш танкер зардап шекті дейді дипломат. Ол бұғаз арқылы екі күн бойы мұнай тасымалданбағанын және кемелер үшін жағдай қауіпті болып қала беретінін айтты.

Ал сарапшылар бұл жағдайға не дейді?

Қаржыгер Айбар Олжайдың айтуынша, Ормуз бұғазы ұзақ мерзімге жабылмайды. Егер қандай да бір шектеу енгізілсе, ол уақытша сипатта болады дейді.

“Мұндай жағдайда танкерлерді сақтандыру құны өседі, логистика қымбаттайды. Оның әсерінен мұнай бағасы қысқа мерзімге көтерілуі мүмкін. Алайда бұл ұзаққа созылмайды. Нарық белгілі бір уақыттан кейін тепе-теңдікке қайта келеді”, – дейді қаржыгер.

Қаржы сарапшысының пікірінше, қазіргі 77–80 долларлық баға соғыс қаупі мен геосаяси шиеленістен туындаған уақытша өсім. 

“Нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың нақты тепе-теңдігін есептегенде, мұнайдың тұрақты бағасы шамамен 70 доллар деңгейінде болуы мүмкін. Бұғаздың екі аптадан артық жабық тұруы екіталай. Өйткені бұл тек Иранға емес, бүкіл Парсы шығанағындағы араб монархияларына да тиімсіз”, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшы мұнай бағасының өсуі Қазақстанға қандай пайда әкелетінін жеткізді.

“Қазақстан үшін мұнай бағасының 60 доллардан (30 мың теңгеге жуық) 70 долларға (35 мың теңгеге жуық) көтерілуі қысқа мерзімде оң әсер беруі мүмкін. Біріншіден, экспорттық төлемдер мен корпоративтік табыс салығы көлемі артады. Бұл бюджет кірісін және Ұлттық қорға түсетін валюталық түсімді көбейтеді. Екіншіден, мұнайдан түсетін доллар көлемінің артуы теңгенің тұрақтылығын қолдайды. Алтын бағасы өсіп, әлемде тұрақсыздық күшейген кезде, елге шетел валютасының көбірек түсуі экономикамыздың тұрақтылығын сақтауға көмектеседі”, – дейді Айбар Олжай.

Сарапшының айтуынша, қазір Қазақстан мұнай өндірісін бірден күрт арттыра алмайды.

“Ел жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіреді. Оның 20 миллион тоннасы ішкі нарыққа жұмсалады. Демек экспортқа шығатын көлемі шамамен 80 миллион тоннамен шектеледі. Бұл мұнайдың басым бөлігі ірі шетелдік компаниялар жүзеге асырып жатқан жобалар аясында өндіріледі. Сондықтан мемлекет негізгі табысты өндірістен емес, салықтар мен роялти төлемдері арқылы алады”, – дейді қаржыгер.

Айбар Олжайдың сөзінше, мұнай бағасының 70 доллардан жоғары болуы Қазақстан үшін тиімді. Бірақ бұл қысқа мерзімді пайда ғана. Оны ұзақмерзімді, тұрақты табыс көзі ретінде қарастыру дұрыс емес дейді сарапшы.

“Ормуз бұғазы уақытша жабылады деп ойлаймын”

Energy Analytics Telegram-арнасының авторы Абзал Нарымбетов мұнай бағасының көтерілуі мүмкін екенін айтты. Алайда оның әсері ұзаққа созылмауы ықтимал дейді.

“Ормуз бұғазы жабылатын болса, бұл уақытша сипатта болуы ықтимал. Әлемдік мұнайдың шамамен 20%-ы осы бұғаз арқылы өтеді. Бұл өте маңызды фактор. Бірақ оның әсері шектеулі мерзімде болады деп ойлаймын”, – деді ол.

Сонымен қатар сарапшы Қазақстанның баға өсімін пайдаланып, мұнай экспортын жылдам арттыра алу мүмкіндігіне күмәнмен қарайды.

“Бізде өндірісті қолдай алатын немесе ұлғайта алатын үш ірі жоба бар. Қалған өндіріс ішкі нарыққа бағытталған, ал елімізде жанармай тұтыну көлемі өсіп келеді”, – деді Нарымбетов.

“Қымбатшылық болады деген сөз”

Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, мұнай бағасының өсуі Қазақстанға тиімді болғанымен, оның салдарын да есепке алу керек.

“Мұнай бағасының өсуі Қазақстан үшін тиімді деп айтуымыз мүмкін. Егер Қазақстан импортының құрылған құрылымына қарасаңыз 35% Қытайдан келетін тауар. Демек олардың бағасы өседі. Импорт инфляцияға алып келеді. Демек, қымбатшылық тағы да келеді деген сөз. Осындай теріс салдары болуы мүмкін”, – дейді экономист.

“Мұнай бағасының өсуі Қазақстан үшін тиімді”

Ал саясаттанушы Қуат Донбайдың пікірінше, мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасына айтарлықтай пайда әкелуі мүмкін. 

“Иран төңірегіндегі жағдайдың экономикалық және геосаяси қырлары бар. Экономикалық тұрғыдан қақтығыс ушығатын болса, мұнай бағасы өседі. Қазақстан мұнай экспорттаушы ел. Сондықтан бағаның өсуі біз үшін белгілі бір деңгейде тиімді. КТК-ға жасалған соққылардан кейін Ұлттық қор шамамен жарты миллиард долларға жуық кірістен айырылды. Осы тұрғыда мұнай бағасының 70 доллардан жоғары болуы бюджет пен Ұлттық қорға қосымша валюталық түсім әкелуі мүмкін. Доллардың көбірек түсуі теңгенің тұрақтылығын да қолдайды”, –дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушы Қуат Донбай Таяу Шығыстағы жағдайдың геосаяси қырына да тоқталды. 

“Геосаяси жағынан негізгі мәселе – Ормуз бұғазы. Қытай импорттайтын мұнайдың шамамен 80%-ы осы бұғаз арқылы өтеді. Егер бұғаз жабылса, Қытай үшін Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның маңызы арта түседі. Өйткені Қытайға жеткізілетін мұнайдың бір бөлігі Орталық Азиядан барады. Демек Ормуздағы жағдай Қытай үшін Қазақстанның геостратегиялық рөлін күшейтеді”, – дейді саясаттанушы. 

Сарапшының пікірінше, бұғазды толық жаба қоюы екіталай. 

“Өйткені Ормуз арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20%-ы өтеді. Ал Иранның өзі де экспортын жалғастыруға мүдделі. Толық блокада жаһандық энергетикалық нарықта үлкен күйреуге әкелуі мүмкін. Әсіресе Қытай мен Үндістанға ауыр соққы болар еді”, – дейді саясаттанушы. 

Қуат Донбайдың айтуынша, қазіргі ахуалда Қазақстан тікелей қауіп аймағында емес. Ал жағдайдың өрбуі мұнай бағасына және аймақтық геосаяси тепе-теңдікке байланысты дейді. 

“Негізгі тұлға мерт болса, бүкіл жүйе күйреуі мүмкін”

Ал экономист Алмас Чукин Иранды Орталық Азия үшін географиялық тұрғыдан ең маңызды елдердің бірі деп санайды. Оның айтуынша, өңір елдері теңізге тікелей шыға алмайды. Ал Иран Батыс бағытындағы теңізге шығатын негізгі қақпа.

“Түрікменстан мен Иран теміржолы түйіскен нүктеден Парсы шығанағына дейін шамамен 1200–1500 шақырым. Бұл Астанадан Алматыға дейінгі қашықпен шамалас. Осы бағыт арқылы ірі порттарға шығып, мұнай, астық және басқа да жүктерді әлемдік нарыққа жеткізуге болады. Парсы шығанағынан Еуропаға теңіз жолы шамамен 3-4 аптаға созылады. Бұл мұнайды Ресей арқылы Новороссийск-Қара теңіз-Босфор-Жерорта теңізі бағытымен тасымалдаудан әлдеқайда тиімді болуы мүмкін”, – дейді экономист. 

Экономистің пікірінше, егер санкциялар алынып, халықаралық қарым-қатынас қалыпқа келсе, Иран Орталық Азия үшін негізгі транзиттік серіктеске айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық құрылымын түбегейлі өзгертеді. 

“Егер Иранға Батысқа қарсы кек ұстамайтын басшы келсе, санкциялар алынуы ықтимал. Бұл Орталық Азия үшін әлемдік нарыққа тікелей шығатын жаңа экономикалық мүмкіндік”, – дейді Чукин.

Алмас Чукиннің пікірінше, Иран арқылы құрлық дәлізінің ашылуы көне сауда жолдарын қайта жандандырып, 80 миллион халқы бар аймақтың экономикасына оң әсер етуі мүмкін. 

Сонымен қатар экономист қазіргі әскери қақтығыстардың сипаты өзгергенін айтты. 

“Бұрын мемлекет басшыларын өлтіру үшін тікелей нысанаға алмайтын. Ал бүгінде соғыс бірден жоғары басшылықты жоюдан басталуы мүмкін. Қатаң орталықтандырылған, бір адамға тәуелді жүйелер мұндай жағдайда әлсіз келеді. Егер негізгі шешім қабылдайтын тұлға көз жұмса, бүкіл жүйе күйреуі ықтимал”, – дейді экономист. 

Экономистің пікірінше қазіргі соғыстардың мақсаты жерді басып алу емес. 

“Жоғары технологиялы елді жаулап алудың экономикалық мәні жоқ. Сондықтан қазір толық басып алудан гөрі, нақты бір адамды нысанаға алып, ықпал ету тәсілі басымырақ. Бұл жаһандық саяси экономиканың жаңа бетбұрысы. Әлем жаңа, күрделі кезеңге қадам басып отыр”, – дейді сарапшы.

“Иран – Венесуэла емес”

Саясаттанушы Досым Сатпаев өзінің Facebook парақшасында Ирандағы жағдайға байланысты пікір білдірді. Ол Иранның өзіндік күрделі саяси құрылымы бар мемлекет екенін еске салды. 

“Иран Венесуэла емес. Оның өзіндік саяси ерекшелігі бар. Жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменеидің өлтірілуі ел ішіндегі саяси ахуалды күрделендіре түсті. Бұл жағдай өңірдегі оқиғалардың қалай өрбитініне қатысты белгісіздікті одан әрі күшейтіп отыр”, – деді ол.

Сатпаевтың пікірінше, бұл жағдай мұнай жеткізіліміндегі үзілістерге және аймақтық тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін.

“Қақтығыс ұзаққа созылуы мүмкін”

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, АҚШ президенті Трамп үш әскери қызметкердің қаза тапқанын айтып, Иранмен соғыс төрт аптаға немесе одан да аз уақытқа созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

“Төрт апта мерзімі кездейсоқ таңдалмаған. Наурыз айының соңында Трамп Қытайға барады. Ол Си төрағамен келіссөздерге дейін белгілі бір саяси құралмен баруды көздеп отыр. Себебі Қытай Иран мұнайының негізгі сатып алушысы”, – дейді саясаттанушы. 

Сонымен қатар саясаттанушы бұл қақтығыста Қытайды бейтарап бақылаушы деп айту қиын екенін жеткізді. Сарапшы Пекин Тегеранға техникалық және барлау бағытында қолдау көрсетуі ықтимал екенін айтады. Сонымен бірге Иран Қытай мүддесін ескеріп Ормуз бұғазын толық жаппау туралы шешім қабылдаған болуы мүмкін дейді.

“Алдыңғы қақтығыста АҚШ пен Израиль Иранның ядролық әлеуетін жоюды мақсат еткенімен, толық нәтижеге жете алмады. Жаппай наразылықтар да режимді құлата алмады. Қазір елдің жоғары басшылығының бір бөлігі жойылғанымен, жүйе сақталып, белсенді қарсылық танытып отыр. Сондықтан қақтығыс ұзаққа созылуы мүмкін. Иран жағында “Хезболла” қозғалысының қосылуы және хуситтердің қолдау білдіруі де жағдайды күрделендіре түседі”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының пайымдауынша, Иран мәселесін түбегейлі шешу үшін АҚШ-қа құрлықтағы операция қажет болуы мүмкін. Алайда бұл үлкен шығындарға алып келеді. Алғашқы ауыр соққы нокаутқа айналмағандықтан, Иран да қарсы әрекетке көшті.

“Егер қақтығыс ұзаққа созылса, бүкіл өңір экономикалық және инвестициялық тартымдылығын жоғалтуы мүмкін. Мұнай бағасының өсуі әлемдік экономикаға, әсіресе Еуропаға ауыр соққы болады. Жалпы алғанда, Трамп бірнеше апта ішінде Иранды келісімге әкелуі тиіс”, – дейді саясаттанушы. 

Саясаттанушының пікірінше бұл текетіресте Трамп саяси жеңіске жетеді, не жағдай оның өзіне күрделі салдар әкелуі ықтимал.

“Текетіреске басқа елдер де араласуы мүмкін”

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидың айтуынша, Таяу Шығыстағы жағдай күрт ушығып, аймақ ауқымды қақтығыс алаңына айналды. Соғыс болуы мүмкін екені айтылып жүргенімен, оның дәл осындай географиялық көлемде өрбитінін көпшілік күтпеген. Көп дегенде төрт-бес елмен шектеледі деген болжамдар болған. Әсіресе Дубайға соққы жасалады деп ешкім ойламады дейді. 

“Қақтығысқа өзге мемлекеттердің де араласу қаупі бар. Германия, Франция, Ұлыбритания секілді елдердің аймақта әскери нысандары орналасқан. Олардың кейбіріне зымыран түскені айтылып жатыр. Сауд Арабиясы мен Катар да қандай ұстанымда болатынын талқылап жатыр”, – дейді саясаттанушы. 

Сарапшының пікірінше, Қазақстан сияқты елдер үшін мұндай жағдайда көпвекторлы сыртқы саясатты сақтап қалу аса маңызды. Қақтығыс алыста болғанымен, оның жанама әсері болатыны сөзсіз дейді. 

“Қазақстанның ұстанымы белгілі: кез келген дауды келіссөз арқылы шешу қажет. Президент Парсы шығанағы елдерінің басшыларымен тікелей байланысқа шығып, жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне қарсы бағытталған әскери әрекеттерді айыптайтынын мәлімдеді”, – дейді саясаттанушы. 

Асхат Қасенғалидың пікірінше, мұндай жағдайда Таяу Шығыс елдерімен қарым-қатынасты сақтау маңызды.

“Израильмен байланыс орнату араб елдеріне ұнамауы мүмкін. Ал Иранмен әріптестік Израильге жақпауы ықтимал. Соған қарамастан, Қазақстан бәрімен байланыс орнатқан. Иранмен келісімдер мен логистикалық жобалар бар. Израильмен сауда қатынастары жолға қойылған. Палестинамен де байланыс сақталған. Араб елдерімен инвестициялық ынтымақтастық дамып келеді. Қазіргі міндет осы тепе-теңдікті бұзбай, көпвекторлы саясатты сақтау”, – дейді Асхат Қасенғали. 

Сарапшының айтуынша, әлем жыл өткен сайын қауіпті болып барады. Ең бастысы осы сын-қатерлерден аман-есен өту дейді.

Жағдайдың мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 02 Наурыз, 2026 16:39