Таяу Шығыстағы қақтығыста қалып қойған тағы 946 қазақстандық эвакуацияланды – Сыртқы істер министрлігі

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыс елдеріндегі Қазақстан азаматтарының жағдайы туралы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ерлан Жетібаевтың айтуынша, қазір Иранда 47 қазақстандық, Израильде 163, Катарда 3 мыңнан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде 4 мыңнан астам, ал Сауд Арабиясында шамамен 1 800 Қазақстан азаматы бар.
"Азаматтардан эвакуация процесін ұйымдастырудың күрделілігіне түсіністікпен қарауды және Қазақстанның шетелдегі мекемелері қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуді сұраймыз. Тізімдерді қалыптастыру кезінде зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеуі бар адамдарға басымдық беріледі", – деді ведомство өкілі.
Барлық қазақстандықпен тұрақты байланыс орнатылған. Дипломатиялық өкілдіктер олармен үнемі байланыста болып, жағдайдың дамуына қарай тиісті ұсынымдар беріп отыр. Уәкілетті органдармен бірлесіп эвакуациялық рейстер ұйымдастырылған.
Қазірге дейін эскалация аймағынан 946 Қазақстан азаматы эвакуацияланды.
"Таяуда Маскат қаласынан Алматыға бортында 314 жолаушысы бар рейс ұшып келеді. Кейін дәл осы бағыт бойынша шамамен 230 адамнан тұратын екінші топтың ұшуы жоспарланған. Осылайша, Оманнан Қазақстанға 500-ден астам азамат оралады. Сонымен қатар бүгін Жидда – Атырау және Жидда –Ақтау бағыттары бойынша эвакуациялық рейстер жоспарланған. Бұл рейстер арқылы 326 Қазақстан азаматы елге қайтарылады", – делінген министрлік хабарламасында.
Эвакуация тек әуе жолымен ғана емес, жерүсті көлігі арқылы да жүргізіліп жатыр. Мәселен, Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы Қазақстанның шетелдік мекемелері 15 азаматтың Иран–Түрікменстан шекаралық бекеті арқылы шығуына көмектесіп, кейін олардың Ақтауға жетуіне қолдау көрсетті.
Еске салайық, бұған дейін 3 наурызда Flydubai әуе компаниясы Дубайдан Астана мен Алматыға екі эвакуациялық рейс орындап, Қазақстанға 306 жолаушыны жеткізді. Бұл рейстермен 28 ақпан және 1-2 наурыз күндері билет алғанымен түрлі себептерге байланысты ұша алмаған қазақстандықтар елге оралды. Көлік министрлігінің мәліметінше, эвакуация жұмыстары Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр, ал азаматтарды елге қайтару шаралары әлі де жалғасып жатыр.
Алматыда оқу ақысы 6 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген