Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Таулы аймаққа қонақүй мен мейрамханалар салынады": Экологтар Іле-Алатау жері Алматы әкімдігіне берілуіне қарсы шықты

Алматыда Іле-Алатау ұлттық паркіне байланысты дау туындады. Экологтар мен туризм саласының өкілдері "Медеу" паркінің балансындағы 20 мың гектарды әкімдікке берілмеу керек екенін айтып, дабыл қақты. Қоғам белсенділері туризмді дамыту деген сылтаумен қайталанбас табиғат жойылып, көрікті таулы аймақтың орнына қонақүйлер мен мейрамханалар салынады деп қауіптенеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Жетінші" арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: experience.tripster.ru

Мәліметтерге сенсек, Ұлттық парктің 20 мың гектар таулы аймағын Алматы әкімдігінің қарамағына беру жоспарланып отыр. Алматыда тау кластерін дамыту мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Инвесторлар курорттар салуға дайын, алайда бұл жерлер ұлттық парк мәртебесіне ие болғандықтан, құрылыс жүргізуге мүмкіндік жоқ. 

"Жасыл құтқару" экологиялық бірлестігінің төрағасы Сергей Куратовтың айтуынша, егер бұл қорық аумағы әкімдікке өтсе, бірегей табиғи аймақ жаппай құрылысқа ұшырауы мүмкін.

"Алматы агломерациясы тұрғындарының мүддесі үшін Іле Алатауының экожүйелерін жоюды тоқтату қажет. Таулар ойын-сауық үшін ғана емес, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуші және біздің денсаулығымыз бен әл-ауқатымыздың кепілі екенін ұғыну керек. Заңдардың, ең алдымен мемлекеттік органдар тарапынан қатаң сақталуын талап ету қажет. Өйткені олар көбіне осы заң бұзушылықтарға өздері жол береді", – деді Сергей Куратов.

Экологтардың алаңдаушылығын туризм саласының өкілдері де қолдайды. "Kazakh Tourism" компаниясы қоғамдық кеңесінің мүшесі Вагида Салимованың пікірінше, инвестицияның маңызы зор.

"Шетелдік туристер ұлттық парктерде жан-жануарлар тіршілігі көп деп ойлайды, өздерін сол табиғатпен байланыста болған бақытты жандар санайды. Бірақ біз әр сұранысқа орай түсіндіруге мәжбүрміз. Өкінішке қарай, мұнда жануарларды немесе Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді көре алмайсыз. Себебі біз олардың тіршілік ортасын таптап тастадық. Бұл – біздің шындық. Қазақстанда 14 ұлттық парк, 10 қорық аймағы бар, бірақ соған қарамастан туристерге нағыз табиғи парктерді көрсетуе келгенде қиындықтарға тап болдық", – деді Вагида Салимова.

Алматы әкімдігі бұл жағдайға түсініктеме берген жоқ. Дегенмен бұған дейін олар экологияға ешқандай қауіп жоқ деп мәлімдеген. Алматы әкімі Ерболат Досаев 2023 жылы-ақ бұл 20 мың гектар жер заңды түрде әкімдікке тиесілі екенін, бірақ Іле-Алатау ұлттық паркі басқаратындықтан, тиісті деңгейде күтім жасалмай жатқанын айтқан. Оның айтуынша, бұл аймақта қоқыс үйінділері мен антисанитария басым. Егер жер әкімдікке өтсе, тәртіп орнату оңайырақ болмақ.

"Біз бұл аумақта қоқыс үйінділері мен өрт қауіпсіздігінің жоқтығын үнемі байқаймыз. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңға сәйкес, ұлттық парктер мен өңірлік парктердің мәртебесі бірдей. Экологиялық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұл жерлерді қалаға беру мүмкіндігі пайда болды. Бұрын қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінсе, енді жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мәселелер шешіледі. Тау бөктеріне баратын туристердің 80 пайызы – қала тұрғындары. Біз инфрақұрылымды дамытуға және өрт қауіпсіздігіне қаржы құюға мүдделіміз", – деген еді қала әкімі Ерболат Досаев.

Ұлттық парк жерлерінің берілу мүмкіндігіне қатысты Экология министрлігі де пікір білдірді. Министрлік бұл мәселенің әлі толық шешілмегенін айтты. Жақын арада барлық мүдделі мамандар өз пікірін білдіре алатын қоғамдық тыңдаулар өтпек. Айта кетейік, министрлік ұлттық парк жерлерін әкімдіктің басқаруына беруге қарсы екенін мәлімдеді.



Еске салайық, бұған дейін Алматының мамандандырылған экономикалық соты 822 гектар алма бағы орналасқан жерді мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдады. Соттың шешімінше, даулы жер учаскелері мемлекеттік орман қорына қайтарылуға тиіс. Іс материалдарына сәйкес, учаске бастапқыда аудан әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жеке меншікке берілген. Кейіннен президенттің жарлығымен жер Алматының аумағына кірді. Қалалық жер қатынастары басқармасының бұйрығы негізінде бұл жер учаскесі бөлінуге жататын деп танылып, 16 бөлікке бөлініп, жеке тұлғаларға сатылған.

Талқылау