Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тауықтың ұясындай баспана әперуге жарамадым": Анасынан кешірім сұраған Зайытов жұртты жылатты

Айтыскер ақын Ринат Зайытов әлеуметтік желідегі парақшасында анасының жылағаны туралы айтып, одан кешірім сұрады. Айтуынша, бұған президент сайлауына қатысты жағдайлар себеп болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ринат Зайытов

«Қайран, анашым-ай... Басыңа тауықтың ұясындай баспана да әперуге жарамаған жаман ұлың тағы шошытты-ау. Кешірші. Ең бастысы, сенің ұлың өтірікші емес. Мен халықтың көз жасын сүрту үшін сенің жасыңды амалсыз төктім.

Алаңдай берме. Сен соғыс батырының қызысың ғой. "Жұрттың баласы құсап тыныш жүр" дейсіз. Мама мен жұрттың баласы емес, ұлттың баласы болғым келеді. Алла бұйырса бәрі жақсы болады», - дейді ол. 

Әрі қарай ол өміріндегі ең жақын адамына арнап өлең шумақтарын арнады. 

"Мама сен бұзығыңа алаңдама
Әрқашан жүрегімде бағаң дара
Періште кейпімменен сол баяғы
Сәби боп жүрмін әлі саған ғана

Балам деп еркелетсең күш табармын
Өйткені анасына құштар әркім
Өйткені шаранада жатқанымда
Мен сенің жүрегіңнен ұстағанмын", - деп жазды Ринат Зайытов. 

Әлеуметтік желі қолданушылары өз кезегінде Ринат Зайытовқа қолдау білдіруге тырысты. Көпшілік анасының дәл осындай ұлмен мақтанатынына сенімді екенін жеткізді. 

"Сіз бүкіл Қазақстанның мақтанышысыз. Анаңыздың сіздей ұлмен мақтанатынына сенемін", "Тарихта есіміңіз алтын әріппен қалсын, қазақтың батыры", "Алла аналарымыздың ғұмырын ұзақ еткей", "Қандай әдемі өлең жолдары. Көзіме жас келді" деп жазды желі қолданушылары. 

Айта кетейік, бұған дейін алаңға шыққан Ринатты полицейлер ұстап әкеткен еді. Ринат сайлауда Әміржан Қосановты қолдауға шақырғаны үшін халықтан кешірім сұрады. Кейін өзін полицейлердің босатқанын айтып видео жариялады

Талқылау