Тәуелсіздік күні елде интернет не үшін нашарлап кетті – Цифрлық даму министрі жауап берді
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысынан кейін Тәуелсіздік күні мерекесінде елімізде интернет жылдамдығының не үшін баяулағанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: appleinsider.ru
Мәдиев интернеттің нашарлауы митингімен байланысты емес екенін жеткізді.
“Интернет бойынша кез келген ақауға автоматты түрде әрекет етеміз. Алдағы мерекеде ақау болмайды деп ойлаймыз. Менде интернеттің нашарлауы митингімен байланысты деген ақпарат жоқ”, – деді Жаслан Мәдиев
Осы орайда журналистер министрден интернеттің төмендеуінің, дұрыс ұстамауының нақты себебін сұраған.
“Елімізде көптеген мәліметтер базасы бар, олардың барлығы бір-бірімен біріктірілген. Бұл технологиялардың артында ауқымды сұраныстар мен процестер жатыр. Сондықтан интернет бойынша ақау кез келген ұйымда, банкте, мемлекеттік органда немесе кез келген елде болуы мүмкін. Біз бұл мәселеге тез әрекет етіп, жылдам шештік. Адамдар ақаудан 3-4 күн бойы интернетсіз қалған жоқ. Әр жайт бойынша репортаж дайындайтын тиісті мамандар бар және алдағы уақытта мұндай қателер қайталанбауы үшін шаралар қабылданып жатыр”, – деп түсіндірді цифрлық даму министрі.