Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазаққа түкіргені бар": Қоғам белсенділері Қостанайдағы "жалғыз" қазақ мектебі туралы

Әлеуметтік желілерде "Қостанайдағы жалғыз қазақ мектебінің хәлі мүшкіл, оның өзі жабылудың алдында тұр" деп ақпарат таралып, бұған қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Твиттердегі парақшасында мәлімдеме жасап, жағдайды Білім және ғылым министріне өз бақылауына алуға тапсырған еді. Бұл ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады және халқы 240 мыңға жуықтайтын Қостанайда ана тілімізде оқытатын мектептер неге саусақпен санарлық? Кім жауапты? Осы мәселеге қатысты Stan.kz Қостанай әкімдігі мен қоғам белсенділерінің пікірін назарларыңызға ұсынады.

мади

Қостанай қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Қостанайдағы қазақ мектептерінің санына қатысты, баспасөз беттеріндегі жалғыз мектеп туралы ақпарат жалған екенін айтты:

"Кешеден бері барлық желілерде таралған жалғыз қазақ мектебі деген ақпарат өтірік. Қостанай қаласында 6 қазақтілді мектеп бар. 10 мектеп аралас тілде оқытады. Ал, жоғарыдағы дауға себеп болған №24 «А» бастауыш гимназиясы 300 оқушыға лайықтап салынған. Ал қазір ол жерде 600-ге жуық оқушы оқиды. Мектептің жағдайы сын көтермейді. Спрот зал, акт залы деген жоқ. Оның үстіне бұл гимназияда 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін ғана оқытады.

"Мемлекеттің халыққа берген садақасы": Тоқаевтың несиелерді жабу туралы шешімі қаншалықты дұрыс? >>

Мектепті бітірген соң Сырбай Мәуленов атындағы жоғары гимназияға түсуі үшін оқушылар емтихан тапсырады. Ал одан өте алмай қалса, оқушылар қаланың шет-шетіндегі мектептерге барып оқуға мәжбүр болады. Осы олқылықты реттеу мақсатында ата-аналарға бастауыш гимназияны көшіру, екінші мектеп ашу туралы ұсыныс  айтылған еді. Бірақ осы жағдайды санасы төмен, түсінігі жоқ кейбір адамдар желіге салып, елді жалған ақпаратпен шулатып жіберген", - деп бар мәселенің түйінін тарқатты.  

Мемлекеттік тілдегі білім сапасына және зайырлы елде тілге қатысты мұндай мәселенің туындауына не себеп екенін білу үшін белгілі қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырларына хабарласқан еді.

Белгілі журналист, қоғам белсендісі Мади Манатбектен мұндай жағдайдың қалыптасуына кім жауапты деп сұрағанымызда: 

"Бұл - биліктің жауапсыздығы. Билік бір тілде, халық басқа тілде сөйлейді. Ең өкініштісі, билік халық тілінде сөйлегісі келмей тұр. Бұл жағдай биліктегілердің халық мұңын білмейтінін, білгісі келмейтінін көрсетеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қостанайда қазақ тілінде білім беретін мектептің саны 10-ға да жетпейтін болса, онда биліктің осы кезге дейінгі жүйесіз жұмысының нақты бағасы осы. Қазаққа түкіргені бар деген сөз. Артық айтсақ та, кем айтсақ та, ренжіп айтсақ та бары осы", - деп жауап берді.

Қазақ тілді адамдардың балаларын орыс тілді мектептерге беруі  қаншалықты дұрыс? 

"Халық қазақ тіліндегі мектепте білім болмағандықтан орыс мектебіне береді деген дақпырт. Расында, билік қазаққа мүмкіндік бермей отыр. Қазақтілді мектепті ашып бермесе, халық баласын мектепке қалай оқытады? Бұл бір. Екінші, бұрын билік кез-келген мекемеде, жауапты орындарда қазақ тілін білетін адамдарды қоятын. Қазір қазақша білмейтін және білмейтінін жасырмайтын, білгісі де келмейтін адамдарды ашықтан ашық қоя бастады. Еліміз орыс тілі бағытында ашықтан ашық кетіп бара жатыр. Халықта қазақтың тіліне, болашағына деген сенім жоқ. Сондықтан, балаларын орыстілді мектепке береді", - деп осындай олқылықтарға көңілі толмайтынын жеткізді Мади Манатбек. 

Саясаттанушы Расул Жұмалы Тәуелсіз қазақ жерінде әлі де болса ана тілімізде білім беретін мектептердің аз болуын отарлық санадан шыға алмауымызбен байланстырады:

"Тәуелсіз мемлекет үшін мұндай жағдай ешбір сын көтермейтін сорақылық. Таяқтың бір ұшы билік орындарына келіп тірелетіні сөзсіз. Себебі, өз балаларын қазақ мектептеріне бергісі келетін азаматтар жеткілікті. Бірақ қазақтілді мектепке беруге мүмкіндік жоқ болғандықтан, орыс мектебіне беруге мәжбүр. Мемлекеттің өзі қазақ отбасыларын балаларын орыс мектебіне беруге мәжбүрлеп отыр деуге болды. Халық баласын қай тілде оқуға бергісі келсе де, мемлекет соған жағдай жасауы керек.

Таяқтың екінші ұшы халықтың өзіне келіп тиеді. Азаматтар тілге немқұрайлы қарайды, баласын орысша тәрбиелейді және өзара орысша сөйлейді. Тұрғындар қазақша ойлап, қазақ  болуы керек. Бір-екі белсенділерден басқа өз ұрпағын қазақша тәрбиелеуге құлық танытып отырған ешкім жоқ. Меніңше, кінә қоғамның өзінен де бар.

Қазақтардың арасында орыс тілінде білім жақсы деген қалыптасқан стереотип бар. Шын мәнінде бұл дұрыс емес. Бір ғана мысал, 2017 жылы ҰБТ нәтижелері бойынша ең жоғарғы көрсеткішті көрсеткен 17 бала да қазақтілді мектептің түлектері. Қазақтілді мектептердің білім сапасы өте жақсы. Орыстілді мектептердің оқушылары монотілді, яғни, тек орыс тілін меңгеріп шықса, қазақтілді мектептегі балалар екі тілді де қатар алып шығады.   

Тағы бір мәселе, балаларын қазақтілді мектептерге бергісі келетін адам көп, бірақ ол мектептерге құжат тапсыру өте қиын. Себебі, мектеп жетіспейді. Бір сыныпта 30-40 баладан оқып жатыр. Мектеп директорлары түрлі желеулермен балаларды алмайды. Ал енді орыс мектептеріне барсаңыз, құжатты өткізсеңіз болды, балаңызды қабылдай береді. Бұл барып тұрған әділетсіздік, дискриминация", - деп жанашыр азамат қазақ және орыстілді адамдар үшін теңдей мектепке бару мүмкіндігі берілмей отырғанын айтады.

Оның әріптесі, саясаттанушы Ерлан Саиров желіде тараған "Қостанайдағы жалғыз мектеп" дегенді жалған ақпарат екенін алға тартады. 

"Қостанай қаласының әкімдігі жалғыз мектеп еместігін айтып жатыр. Менің ойымша, облыс орталықтарында қазақ тілінде сабақ беретін мектептерге ден қойып, оларға жағдай жасап дамыту өте өзекті. Торғай облысы тараған кезде қазақтардың миграциясы Қостанайға көшіп барған. Демек қазақтілді адамдар көбейген кезде қалаларда қазақтілді мектептердің көбеюі заңдылық еді. Бұл, әрине, министрліктің мәселесі. Дегенмен қоғам осы мәселені өз бақылауында ұстауы қажет. Соңғы кездері қазақ мектептеріне деген ынта өсіп келе жатыр. Қазақ мектебінде оқыған баланың білімі орыс мектебінде оқыған баладан кем болады деген өтірік ақпарат", - деп өз ойын жеткізді.

 

Талқылау