Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәуелділік мәселесінде тыйым ештеңені шешпейді" – Еуропа мен Қазақстан дәрігерлері Алматыда денсаулық сақтау мәселелерін талқылады

30 мамырда Алматыда қала әкімдігі мен Ұлттық "Денсаулық" қауымдастығының қолдауымен "Қазіргі әлемде денсаулықты сақтау: негізгі трендтер мен жаңа тәсілдер" атты халықаралық форум өтті. Бұл шараға Қазақстан мен басқа елдердің мамандары – дәрігерлер, ғалымдар, билік өкілдері және қоғам белсенділері жиналды. Форумның басты тақырыптары қатарында дұрыс тамақтану, экология және зиянды әдеттер болды. Қатысушылар темекі шегу мен оның салдарына ерекше назар аударды: спикерлер темекі шегудің ауқымды зияны мен онымен күрестің жаңа әдістерінің қажеттілігі жайында сөз қозғады.

Шын мәнінде, темекі шегу денсаулыққа қауіпті факторлардың бірі болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, темекі шегетін адамдар орташа есеппен өмірінің 10 жылын жоғалтады. Ал темекі түтінінен әлемде күн сайын 22 000-нан астам адам қайтыс болады. Қазақстанда да жағдай ауыр: ересектердің шамамен 20%-ы темекі шегуді жалғастыруда. Ал осы мәселемен күресуге бағытталған шараларға қарамастан, темекі шегушілердің абсолютті саны өсіп келеді.

Темекі түтіні – аурулар мен өлімнің себебі

Мамандар темекі шегудің неге соншалықты қауіпті екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Темекі жанған кезде 7 000-нан астам химиялық қосылыстар түзіледі, олардың көпшілігі улы немесе канцероген. Бұл "улы коктейльге" бензол, формальдегид, көміртегі тотығы, ауыр металдар (кадмий, қорғасын), бензапирен және басқа да заттар кіреді. Олар өкпе, жүрек және қан тамырлары жасушаларын зақымдап, қатерлі ісік пен созылмалы ауруларды тудырады. Ал никотиннің өзі канцероген болмаса да, тәуелділікке әкелуі мүмкін.

"Онкология саласында қатерлі ісік тудыру қаупі – әрекет етуші фактордың дозасы мен ұзақтығына байланысты, бұл темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, алкоголь немесе басқа да факторлар болуы мүмкін. Доза жоғарылаған сайын және ағзаға әсер ету уақыты ұзарған сайын, қатерлі ісік пайда болу қаупі жоғарылайды. Мысалы, адам неғұрлым көп темекі шексе, өкпе қатерлі ісігінің қаупі соғұрлым артады. Бәрімізге аян, кейде адамдар бірнеше жыл емес, тіпті ондаған жылдар бойы үздіксіз темекі шегеді, демек өкпе қатерлі ісігінің қаупі одан сайын артады. Осы тұрғыдан алғанда, ғылыми негізделген түтінсіз өнімдерге, мысалы, қыздырылатын темекіге көшу арқылы, темекі шегуші ағзаға зиянды азайтып, қатерлі ісік қаупін төмендете алады", – деді француз онкологы, медицина профессоры Давид Хаят өз баяндамасында.

Британдық Public Health England сарапшыларының бағалауы бойынша, темекі қыздыру жүйелерінің кәдімгі темекіге қарағанда денсаулыққа қаупі 95–97%-ға аз және дәл осы түтінсіз технологиялар темекі шегушінің денсаулығына төнетін қауіптерді айтарлықтай азайта алады.

Зиянды азайту: халықаралық тәжірибе

Көптеген елдерде темекі шегумен күресудің түрлі стратегиялары қолданылады. Мәселен, Чехияда Денсаулық сақтау министрлігі жаңа стратегия әзірленіп жатқанын жариялады, онда зиянды азайту құралдары ресми түрде қарастырылатын болады. Бұл үкімет темекі шегушілерді түтінсіз баламаларға – электронды сигареттерге, хиттерлерге және снюстарға ауысуға ынталандыруды жоспарлап отырғанын білдіреді.

Швецияның мысалы ерекше назар аударуға тұрарлық: мұнда түтінсіз темекінің кең таралуы арқасында ересектер арасындағы темекі шегушілердің үлесі айтарлықтай азайды. Темекіден туындайтын аурулардың төмен көрсеткіштерін шведтер дәл осындай аз қауіпті баламалардың танымал болуымен байланыстырады. 

Форумда сөз сөйлеген сарапшылар Қазақстанда осындай тәжірибені бейімдеу денсаулыққа келтірілетін зиянды азайтып, темекі шегушілердің дәстүрлі темекіден тезірек бас тартуына ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.

Саналы өмір салтының маңызы 

"Қазіргі әлемде денсаулықты сақтау" форумының қатысушылары темекі шегуге қарсы күрес кешенді шешімдерді қажет ететіні туралы бірауыздан пікір білдірді. Тек үгіт-насихат немесе әкімшілік тыйымдар жеткіліксіз. Ақпараттандыру мен алдын алуды заманауи баламалардың қолжетімділігін арттырумен ұштастыру қажет.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, "Денсаулық" қауымдастығының кеңес мүшесі Талғат Нұрғожиннің айтуынша, мемлекет тек тыйым салумен ғана шектелмей, шешім нұсқаларын да ұсынуы керек.

"Дәрігер ретінде айтарым, егер мәселе тәуелділікте болса, тыйым салу ештеңе шешпейді. Бұл тағамға да, ішімдіке де, темекіге де қатысты. Адам өзі қаласа, психологиялық тәуелділікті жеңе алса, барлық "зиянды әдеттерден" өз бетінше бас тарта алады. Ал тәуелділік – адамның мінез-құлқына жасырын әсер ететін, бірақ өте күшті фактор", – деді спикер.

Сондай-ақ, дәрігер Нұрғожин қоғам назарын мінез-құлық әдеттерін өзгертудің маңыздылығына аударды. Онсыз салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған кез келген бастамалар уақытша ғана әсер етеді. Басымдық – тұрақты мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруда болуы тиіс. Адам мінез-құлық әдеттерін өзгерткен сәтте, салауатты өмір салты оның күнделікті өмірінің табиғи жалғасына айналады.

STAN.KZ
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 10:00
Талқылау