Тәуекел Мүсілім: Мен енді кинода ұятсыз кадрларға түспеймін
Мың сұлудың арманы болған Тәуекел Мүсілім кинодағы ұятсыз кадрларға түспейтінін мәлімдеді. Бұған жары Махаббаттың қатысы бар деп шулады көпшілік. Бұл туралы актердің өзі не дейді?
Бұл туралы Тәуекел Мүсілім Ревю бағдарламасында айтты.
Тәуекел Мүсілімнің бірнеше кино картиналарда, бейнебаяндарда "сүйіскен", "құшақтасқан" кадрлары көпшіліктің есінде. Сері жігіттің бұрынғы сүйіктілері туралы да ақпарат желіде жарияланған. Ал Тәуекел қазір жүрегінде бір ғана ару бар екенін айтады.
"Мен қазір кинолардағы ұятсыз кадрларға, ерсі әрекеттерге шектеу қойдым. Ондай рөлдерді сомдамаймын. Режиссерге бірден ескертемін. Оған Махабаттың қатысы жоқ, өз таңдауым. Бірақ махаббат жайлы болса, сезімімді көрсету керек болса, оған дайынмын. Махаббат оған түсіністікпен қарады. Менің жүрегімде өзі ғана бар екенін біледі", - деді актер.
Айтуынша, ол жарына алдын ала бәрін түсіндірген. Кинодағы Тәуекелге тек актер ретінде қарауды үйреткен.
"Махаббат екеуміздің арамызда менің рөлдерім туралы талас жоқ. Оған о баста бәрін түсіндіргенмін. Менің бұрынғы сүйіктілерім мені мазаламайды. Бұрынғы махаббаттарым мазаламайды. Менде тек Махаббат қана бар. Басқа ешкім менің жүрегімді жаулап ала алмайды", - деді Тәуекел.
Актердің айтуынша, үйленгелі бері өзін бақытты санайды. Өмірім тек жақсы жағына қарай өзгерді дейді өзі.
"Киімім үтіктеулі, кірім жуулы, тамағым дайын, қарным тоқ. Үйленсең тек қана жақсы жағына қарай өзгереді екен. Еш өкініші жоқ. Бәрі жақсы", - деді ол.