"Мерзімі өткен өнімдермен бопсалаған": Петропавлда супермаркет иесінен 50 миллион теңге сұраған блогерлерді алқабилер ақтап жіберді
Петропавлда алқабилер ірі супермаркет желісін бопсалап 50 миллион теңге сұраған екі блогердлі ақтап шығарды. Жәбірленуші тараптың айтуынша олар осы уақытқа дейін супермаркеттегі жарамдылық мерзімі өткен тауарларды тінтіп, өзге де тауарларды ашып ішіп-жеп, ақысын төлемей жүрген. Сонымен қатар кәсіп иесін бопсалап келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
33 және 35 жастағы екі адам айыпталды. Процесс СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен өтті.
Бірінші отырыста прокурор Юлия Сысоева сотталушылар бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желілерде өздерінің ұялы телефондарында түсірген супермаркеттердегі заң бұзушылықтарды жариялағанын жеткізді. Олар мерзімі өткен өнімдермен сауда жасау немесе тауардың нақты құнының сәйкес келмеуі сияқты мәселелерді көрсеткен.
Іс материалдары бойынша сотталушылар "қызметкерлерді айыппұлмен қорқытып, тауарларды өздері жеп тұтынған. Алайда төлем жасамаған. Сонымен қатар кассаларды жауып, клиенттерге қызмет көрсетуге кедергі келтірген. Тауарлар мен сусындарды пышақпен ашып ішіп-жеген. Олар өлшемелі кәмпиттерді алып, бір-бірімен араластырған. Сондай-ақ азаматтық соттар мен санитарлық қызметтерге өтініштер жіберіп, супермаркеттерге айыппұл салғызған.
Бұдан әрі, айыптау қорытындысы бойынша, 2023 жылдың күзінде блогерлер ірі сауда желісінің әкімшілігімен байланысқа шығып, мұндай әрекеттерін тоқтату үшін 50 миллион теңге талап еткен. Алайда супермаркет басшылығы полицияға жүгінген. Содан кейін блогерлерді соманың бір бөлігін беру кезінде ұстады.
Прокурор жарыссөз кезінде айыпталушыларға әрқайсысына 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар мен қорғаушы тарап оларды ақтауды сұрады. 7 тамызда алқабилер үкім шығарды.
"Кінәсіз деп танылсын. Олардың қылмыс жасағаны дәлелденбеген. Қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын. С.және П. дереу сот залында босатылсын. Қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартқандықтан келтірілген зиянды өтеу құқығынан ақтау", - деді судья Дастан Исмаилов.
Сотталушылар 10 ай бойы қамауда болды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Прокуратура шешімге шағымдануға ниетті.