"Тарих жазуға келдік": Төреғали Төреәлі отбасымен бірге Түркістанға көшіп кетті

Танымал әнші Төреғали Төреәлі отбасымен бірге Астанадан Түркістанға қоныс аударды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
“Біз Түркістанға көшіп келдік. Бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес. Бұл – жүрекпен қабылданған шешім. Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухтың тамыры тереңге кеткен қасиетті шаһар.
Бұл қалада үнсіздік те мағыналы. Бұл жерде әрбір көше, әрбір тас – шежіре. Өткен мен болашақ бір-біріне қарсы тұрмайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып, жалғастырып тұрады”, – деді ол.
Әнші киелі қаланы саналы түрде таңдағанын жеткізді.
“Біз бұл қаланы саналы түрде таңдадық. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған осы мекеннің болашағына сенеміз. Түркістан киелі орталық қана емес, ол – жаңғырудың, жаңарудың, жасампаздықтың кеңістігі”, – деп жазды ол.
Төреғали мұндай шешім қабылдауына балалары себеп болғанын жазды. Сондай-ақ ол із қалдыратын істер атқарғысы келгенін алға тартты.
“Отбасымызбен осында қоныстандық. Балаларымыз тамырын сезініп өссін деп. Жасаған ісіміздің мағынасы терең болсын деп. Тек жобалар емес, із қалдыратын істер атқару үшін”, – деп жазды ол.
Әнші қалаға еңбек етуге, бірге өркендеп, тарих жазуға келгенін айтты.
“Киелі мекеннің келешегі – оның бүгінгі қадамына байланысты. Ал біз сол қадамның нық, саналы, батыл болғанын қалаймыз. Түркістан – тек өткеннің мұрасы емес. Ол – болашақтың уәдесі”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Төреғали Төреәлінің әйелі ерекше қызының арманын бөліскені хабарланған еді.
Алматыда оқу ақысы 5 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген