Тарифтердің жоғарылауы: Қазақстандағы ірі үш мобильді оператор қандай жауапкершілікке тартылады
Фото: shutterstock.com
Қазақстандағы үш ірі мобильді оператор ұялы байланыс тарифтерін бір мезгілде сөз байласу арқылы қымбаттатты деген күдікке ілінді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі олардың қандай жауапкершілікке тартылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында "Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Tele2/Altel) және "Кар-Тел" ЖШС (Beeline) мобильді операторларына қатысты бағаны бір мезгілде өсіру түріндегі бәсекелестікке қарсы келісілген әрекет белгілері бойынша тергеу басталған еді.
2024 жылы операторлар қабылданған шараларға шағым түсіріп, осыған байланысты тергеу түпкілікті сот шешімі шыққанға дейін тоқтатылды.
Өз кезегінде агенттік мемлекеттік реттеуге жатпайтын қызметтерге қатысты бағаның негізділігін монополияға қарсы орган тергеу нәтижесінде ғана анықтай алатынын атап өтті.
"Қазір кассациялық шағым жоғарғы соттың қарауында. Ал "Кселл" АҚ-ға қатысты істі жоғарғы сот бірінші және апелляциялық инстанция соттарының шешімдерін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Сот процестері жалғасып жатыр. Түпкілікті шешімдер әлі қабылданған жоқ", — деп хабарлады бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Егер жаңа заңбұзушылық белгілері анықталса, реттеуші тиісті шаралар қабылдайды. Онда бәсекеге қарсы келісілген әрекеттер жасағаны және монополиялық жоғары бағаны орнатып, оны ұстап тұру арқылы өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін компанияларға монополистік қызмет нәтижесінде алынған табыстың (кірістің) 5%-ы көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар бір жыл ішінде алынған монополиялық табысты тәркілеу де қарастырылған.
Сондай-ақ бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополиялық жоғары баға белгілерін де анықтаған.
"Қазір заңнама талаптарына сәйкес, нарықтағы үстем жағдайды анықтау үшін талдау жүргізіліп жатыр. Бұл талдаудың нәтижесі бойынша тергеу басталады", — деп мәлімдеді агенттік.
Сонымен қатар агенттік 2025 жылғы баға динамикасына мониторинг жүргізеді. Бұл монополияға қарсы заңнаманың бұзылу белгілерін анықтау мақсатында іске асып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстандық мобильді операторлар тағы бағаны көтеретінін жазғанбыз.

Қазақта күйеу жігіт қайын жұртына иіліп сәлем салған – Этнограф
