Тарифтерді көтеру жолын таңдауға мәжбүрміз – Премьер-министр Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерінің әлі де өсетінін мәлімдеді
Фото: freepik.com
Үкіметте өткен брифингте премьер-министр Олжас Бектенов коммуналдық қызмет тарифтері өсуі тоқтатылмағанын, қайта жалғасатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Брифинг барысында журналистер Қазақстанда тарифтердің өсуін уақытша тоқтату шешімі туралы сұрақ қойды. Оған жауап ретінде Олжас Бектенов бұл мәселе халықты толғандыратын проблема екенін айтты.
"Тариф өсімі тоқтатылды дедіңіздер. Тариф өсімі тоқтатылған жоқ. Осы жағдайды пайдаланып, тариф өсімі жалғаса беретінін айтқым келеді. Бұл – жағымсыз мәселе. Бірақ үкімет бұл туралы ашық айтып, тарифтерді нарыққа сәйкестендіру саясатын жүргізіп жатыр.
Тарифтер ұзақ уақыт бойы қатаң реттеліп келген жағдай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа инвестиция салуға мүмкіндік бермеді және бұл 2022 және 2023 жылдары Екібастұз бен Риддерде болған апаттарға әкеп соқтырды. Егер қыста үйімізде үнемі жылу, жарық, су болып, басқа да инженерлік желілер дұрыс жұмыс істеп тұрғанын қаласақ, тарифтерді көтеру жолын таңдауға мәжбүр боламыз", – деді Бектенов.
Еске салсақ, бұған дейін үкімет елдегі кейбір коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауын кейінге қалдырғанын жазған едік. Министрлер кабинеті ақылы қызметтер биылдың бірінші жартысында инфляцияның өсуіне негізгі себеп болғанын атап өтті.

"Екінші Перизат Қайрат": Қазақстандық блогерге алданған 100-ден аса адам 1 миллиард теңгесін қайтара алмай жүр
