Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда 1 қыркүйек күні 14 жастағы оқушы төбелес кезінде қаза тапты

freepik жасөспірімФото: freepik.com

Тараз қаласында 1 қыркүйек қайғылы жағдаймен аяқталды. Жасөспірім пышақ жарақатынан көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде бұл оқиға 1 қыркүйек кешкісін қаланың бір ықшамауданында болғаны жазылды.

"2025 жылғы 1 қыркүйекте Тараз қаласында жасөспірімдер арасында жанжал шығып, соның салдарынан біреуі пышақ жарақатын алып, қаза тапты. Оқиға оқу процесінен тыс жерде болған. Қақтығыс тұрмыстық себептен туындаған, ал жасөспірімдер бір-бірімен бұрын таныс болмаған", – деп мәлімдеді Тараз қалалық білім бөлімі.

Сонымен қатар әкімдік екі мектеп оқушылары арасындағы төбелес туралы ақпаратты жоққа шығарды.

"Топтық төбелес фактілері анықталған жоқ. Полиция мәліметінше, жасөспірім күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – деп қосты қалалық білім бөлімі.

Ал Жамбыл облысы полиция департаменті аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде кәмелетке толмаған күдікті "ізін суытпай" ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жарияланбайды", – деп жауап берді полиция департаменті.
Айым Атамбаева
Сейсенбі, 02 Қыркүйек, 2025 11:56
Талқылау