Таразда заңсыз орнатылған жол белгісі үшін жүргізушілерге 345 миллион теңге айыппұл салынған

Таразда заңсыз орнатылған жылдамдықты шектеу белгісінің кесірінен 32 мыңнан астам жүргізуші айыппұл төлеген. Бір ғана бейнекамера арқылы бюджетке 345 миллион теңге түскен. Прокуратура тексерісі шектеудің заң талаптарын бұза отырып енгізілгенін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тараздағы Ыбырайым Сүлейменов көшесінде орнатылған бейнекамера мен жылдамдықты сағатына 40 шақырымға шектеу белгісі жүргізушілер үшін тұзаққа айналған. Камера былтыр қойылғаннан бері жылдамдықты асырды деген себеппен 32 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге мәжбүр болған.
Жергілікті тұрғындардың бірі айыппұлмен келіспей, прокуратураға шағым түсірген. Тексеру барысында аталған жол белгісі қажетті келісімдерсіз және жол жағдайына тиісті талдау жасалмай орнатылғаны белгілі болды. Кейін тағы екі жүргізуші сот арқылы белгінің заңсыз екенін дәлелдеп, төлеген қаражатын қайтарып алған.
Алайда заңсыз деп танылғанына қарамастан, белгі әлі күнге дейін алынып тасталмаған. Соның салдарынан жүргізушілерге жылдамдықты асырды деген айыппұлдар келіп жатыр.
Тараз тұрғыны Марат Таубаев бұл белгіге бірнеше рет "түскенін" айтады.
"Сүлейменов көшесіндегі 40 км/сағ белгісіне бірнеше рет түстік. Өзім де 2-3 рет айыппұл алдым, оны ертерек төлеп қойғанбыз. Қазір әлеуметтік желіде бұл белгі заңсыз қойылған деген ақпарат тарап жатыр. Соған қарап таң қалып отырмын. Мұндай белгіні қалай келісімсіз орнатқан? Енді төлеген ақшамызды қайтарып беруі керек", – деді Марат Таубаев.
Ал тағы бір тұрғын Азамат Асқар навигаторда мұндай шектеу көрсетілмейтінін, сондықтан байқамай жылдамдықты сәл асырғанда айыппұл келгенін айтты.
"Бұл жерден бірнеше рет айыппұл алдым. Таныстарым да жиі түсіп жатыр. Жол белгісінде 40 км/сағ деп көрсетілгенімен, навигаторда ондай шектеу көрінбейді. Кейде байқамай өтіп кетесің, жылдамдық 45–50-ге жақындап қалады. Маған екі рет айыппұл келді. Енді төлеген ақшамызды қайтарады деп үміттенеміз", – деді Азамат Асқар.
Бір ғана камераның өзі бір жылда бюджетке 345 миллион теңге түсірген. Прокуратура шектеудің заң талаптарын бұза отырып енгізілгенін растады.
Заңгер Айдос Ибрайымовтың айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 811-бабы 2-бөлігіне сәйкес, қысқартылған тәртіппен айыппұлды 7 тәулік ішінде төлеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылған болып есептеледі және істі қайта қарау қиынға соғады. Сондықтан мұндай жағдайда қаражатты қайтару үшін сотқа жүгінуге тура келеді.
Қазірге дейін тек үш жүргізуші ғана сот арқылы ақшасын қайтарып алған. Қалған мыңдаған азаматтың айыппұл мәселесі қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Прокуратура оқиғаның мән-жайын толық анықтап, нақты шешім қабылданатынын мәлімдеді.
- Үстіне бензин төгіліп кеткен әйел жанармай құю бекетінен 300 мың теңге өндіріп алды
-
Жаяу жүргіншіге балшық шашып кеткен Mersedes жүргізушісі айыппұл арқалады
Еске салайық, бұған дейін Алматыда әлеуметтік желіде жүргізуші кептелісте келе жатып, тұрақ үшін төлем туралы хабарлама алғанын айтып шағымданды. Видеода "Алматы Паркинг" көлігі түсіргеннен кейін шот келгені көрсетілген. Компания бұл жағдайды техникалық қателік пен қызметкердің дұрыс емес кеңесімен түсіндіріп, push-хабарламаларды түзету жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Бір ұйықтаса бірнеше күн бойы оянбайтын ауыл": Тылсым "Калачи" туралы не белгілі?