Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда «Мың бала» байқауы өз мәресіне жетті

Жамбыл облысындағы «Достық үйінде» «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңінен іріктеу өтті, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылған түрлі этнос өкілдерінің жастарын ынталандыру. Сонымен қатар, қазақстандық бірлікті нығайтуға үлес қосу.

Аталған іс-шараға Жамбыл облысына қарасты аудандар мен Тараз қаласының мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

«Мың бала» байқауы мемлекеттік тілді дәріптей отырып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді көздейді. Сондай-ақ, осынау игі іс-шара қазақ тілін үйренудің жаңа форматтарын табуды, жастардың бойына кітап оқу мәдениетін сіңіруді, қазақ тілі мен әдебиетіне тереңірек үңілуге үндейді.

Іс-шараның қатысушылары «Тіл мектебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламалары, «Өнер алды – қызыл тіл» көркемсөз оқу мектебі, «Жарқыра, жас дарын!» ақындық байқауы, «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсы сынды төрт жоба бойынша бақ сынады.

«Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – әрбір іс-шараларымыздың негізгі мақсаты екені белгілі. Ал бұл шараның ерекшелігі – қазақ тілін ауызекі тілде емес әдеби тілде меңгеруге баулу. Сонымен қатар, өзге этнос өкілдерінен жиналған оқушыларымыздың қазақ поэзиясына деген қызығушылығын ояту. Мұнда қатысушылар өздерінің ақындық қасиетін дәл сол мезетте көрсетті. Яғни, іс-шара барысында берілген тақырыпты өлеңмен өрнектей білді. Оқушылардың қазақ поэзиясының қыр-сырына қаныға бастағанын көріп, қуанып қалдық», - дейді Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің Этносаралық қатынастар саласында әдістемелік көмек көрсету және мониторинг  жүргізу бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева.

Байқауда «Тіл мектебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламалары номинациясы бойынша Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназиясының мұғалімі – Манат Оралбаева І орынды жеңіп алды.

Ал, «Өнер алды – қызыл тіл» көркемсөз оқу мектебі номинациясы бойынша Жуалы ауданы, №7 Т.Әкімов атындағы орта мектебінің оқушысы - Кристина Чакова І орынды иеленсе,  «Жарқыра, жас дарын!» ақындық номинациясы бойынша І орынды Жамбыл ауданы, Айша бибі орта мектебінің оқушысы – Алина Айдаралы қанжығасына байлады.

Байқауға қатысқан оқушылардың барлығы өзге этнос өкілдері екеніне қарамастан, мемлекеттік тілді жетік меңгергендіктерін көрсетіп, өздерін жыр шумақтармен таныстыруда да, шығармалардан үзінді оқуда да бір-бірінен асып түсіп жатты.

Жобаның «Өнерлі өрге жүзер» атты музыкалық байқауы тартысты өтуімен ерекшеленді. Аталмыш номинация бойынша Шу ауданы, Т.Әшімбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Лунара және Динара Зайцевалар І орынды иеленіп, өзгелерден оқ бойы озық шықты. Өнерлі балалардың қазақтың ұлттық аспабы – домбырада ойнаудағы жәнеән шырқаудағы ерекшеліктері жиылған жұртшылықты тамсандырды.

Жоба жеңімпаздарына «Қоғамдық келісім» мекемесінің тарапынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқауға үміткер басқа да қатысушылар алғыс хаттар және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Осы тұста біз ұлты венгер болғанына қарамастан қазақтың тілі мен өнерін құрметтеп жүрген Лунара және Динара Зайцеваларды әңгімеге тарттық.

«Мектепте қазақ сыныбында оқимыз. Отбасымызда қазақ тілінде сөйлесеміз. Ата-анамыздың да қазақтың өнері мен салт-дәстүріне деген құрметі ерек.

Осы тұста домбыраны мектепте бес жылдан бері үйретіп келе жатқан Ерлік Аханов ағайымызға айтар алғысымыз шексіз. Домбыраның үнін естігенде ерекше шабыттанып кетеміз. Күмбірлеген әрбір күйден бойымызға күш жігер аламыз. Болашақта өнер әлемінің биігінен көрінгіміз келеді», –  дейді Лунара және Динара Зайцевалар.

«Мың бала» байқауында жүлделі І орынды жеңіп алған апалы сіңлілі венгер қыздары енді республикалық байқауда өнер көрсетпек.

 

Дайындаған: Гүлмира Садық

Дидар Халық
Сәрсенбі, 02 Қараша, 2022 09:29