Таразда мемлекеттік бағдарламамен үй алғандар жоқ жылу мен жарыққа ақша төлеп отыр
Таразда “Қолжетімді баспана” мемлекеттік бағдарламасымен үйлі болғандар жылу мен жарықты ұмытқан. Олар сыз тартқан пәтерде қалың киініп, жан бағып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Иформбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Баспаналы болды деген аты болмаса, 180 пәтерлі үйдің иелері жоқ жылу үшін ақша төлейміз деп шағымданып отыр.
“Әрине, жағымсыз нәрсе. Жылудың ақысы әлі келеді. Есептеуіш айналып жатыр. Ыстық су жоқ. Бірақ бізге сол үшін төлетеді. Соны төлейміз. Жуынып жатқан жоқпыз. Жылуы бар басқа жаққа барамыз. Бұл жақта жылу мен су жоқ”, – дейді тұрғындардың бірі Гүлзира Әбдікеева.
Сыз тартқан үйден дерт тапқандардың да саны артып жатыр.
“Былтыр қыстай үсіп отырдық. Үйдің ішінде пальто, куртка, жүн носки, аяқкиім киіп жүрдік. Ақша төлегенде “айма-ай осы төле, төле” деп жанымызды шығарады ғой, шіркін! Енді кешелі бері жарыққа ақша төлеп қойғанбыз. Бірақ ол түспейді. Жарық жоқ. Тамақ ашып, іріп жатыр. Біз кімге керекпіз? Ешкімге керек емеспіз”, – дейді тұрғындардың бірі Нұржамал Сартаева.
Ал атқарушы билік салынған үйдің сапасыз екенімен келіспейді. Десе де, үш жыл бұрын берілген үйлердің құбыры тозып кеткен. Олардың айтуынша, жылы су мен жарықты тұрғындардың өздері жасап алуы керек. Әлеуметтік осал таптарға берілген бұл көп қабатты үй тұруға жарамсыз қонысқа айналды. Шағым айтқан тұрғындарға жергілікті билік арнайы топ құрып апта соңына дейін жердемдесеміз деп уәде берді.