Қазақстанда балабақша иесі көлік үстіне шатыр құлағаны үшін қомақты қаржы төлейді
Фото: freepik.com
Жамбыл облысында қатты желден көлік үстіне балабақша аумағындағы жаппаның шатыры құлаған. Сот балабақша иесін шығынды өтеуге міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық соттың мәліметінше, оқиға осы жылдың қаңтар айында болған. Қатты желдің салдарынан жауапкер "N" ЖШС-ға тиесілі балабақша аумағында орналасқан жаппаның шатыры ұшып кеткен. Шатыр құлап, балабақшаның еуро-қоршауына және талап қоюшының көлігіне зақым келтірген.
"Қазгидромет" РМК жауабына сәйкес, оқиға болған күні желдің жылдамдығы 24-30 м/с-ке жетіп, қар мен боран болған.
Сондай-ақ балабақша директоры балабақша қоршауына және талап қоюшының көлігіне шатырдың құлағанын растаған.
Талап қоюшы соттан 871 мың теңге көлемінде материалдық шығын сомасын өндіріп алуды сұраған. Жауапкер оның кінәсін растайтын дәлелдердің жоқтығына айтып, талап қоюды мойындамаған.
Сотқа берілген мәліметтерге сәйкес, жаппаның жауапкерге тиесілі екені нақты анықталған.
Тараз қалалық соты жауапкерден талап қоюшының пайдасына 871 мың теңге мөлшерінде материалдық залал және бағалау компаниясының қызметтеріне ақы төлеу сомасы өндіру туралы шешім шығарған. Алайда жауапкер сот шешімімен келіспеген.
"Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқа мүліктің иесі объектінің сапасыз салынуына, дұрыс пайдаланылмауына жауапты және оны ұстау нәтижесінде айналасындағылар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті деген қорытындыға келді. Бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды", – делінген сот хабарламасында.
Сот актілері заңды күшіне енді.

"Эфирден қиып тастайды, концертке қатыстырмайды": Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері хиджаб кигені үшін түрлі кемсітуге тап болған
