Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тараз сауықтыру орталығында ҰОС ардагерлері мен мүгедек жандар қара суға зар болып отыр

Таразда емдеу-сауықтыру орталығына келген жұрт ем түгілі қара суға зар болып отыр. Дертіне дауа іздеп келген ел керісінше ауру жамап алдық деп ашулы. «Самал» және «Тараз резорт» шипайжайындағы 500-ге жуық ем алушы сауықтыру кешендерінде мүлдем жағдай жасалмағанын айтып наразылық танытты.

таразда сауыктыру орталыгы

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Бұл «Самал» және «Taraz resort» сауықтыру орталығындағы жағдай. Ем алуға келген ел үш тәуліктен бері қара суға зар болып отыр. Салдарынан ем қабылдау былай тұрсын, дәрет су таппай дал болған.

«Осыған дейін сасыған. Тем боле 4 күннен бері су жоқ тіптен сасыды. Демалатын ауа жоқ», – дейді ем алушы Айман Қосақова.

Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар қала әкімдігіне қарасты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі берген жолдамамен келген. Бар жоғы он күн. Соның тең жартысы күйіп кетті деп күйінеді көпшілік. Тіпті, ҰОС ардагерлері де бейбіт күнде берекеміз қашты деп налиды.

«Мен осы жерде бес күн жатырмыз. Су жоқ. Қара су жоқ. Бастықтар қайда? Қаланың, облыстың?» – дейді ҰОС-ның ардагері Мұрат Жанәлі.

«Кеше, бүгін ванный қабылдауым керек еді тұзбен. Қабылдаған жоқпын. Менде, міне, 4 күнім күйіп кетті. Енді екі күннен кейін қайтам, уақытым бітеді», – дейді ем алушы Жұмабек Кулетаев.

Белгілі болғандай, қаланы сумен қамтамасыз ететін 600 диаметрлі алып құбыр ауыстырылыпты. Бір қызығы, бұл жағдайды шипажай басшылығы табиғи апатқа балайды.

«Енді осы ғой мәселе. Бұл табиғаттың апаты ғой. Ондай нәрсеге кім жауап береді? Өзіңіз ойлаңызшы», – дейді «Самал» емдеу сауықтыру орталығының бас есепшісі Нағима Дадабаева.

Ал «Тараз су» мекемесінің мамандары бар айыпты шипажай қожайындарынан көреді. Ақшаға адам қабылдап жатқан сауықтыру орталықтарында осындай апаттық жағдайда қосымша су қоймалары немесе құдықтары болуы тиіс еді дейді.

«Кез-келген мекемеде өзінің резервный суы, насосы болуы керек. Су қоймасы болуы керек еді. Ол енді өздерінің мәселесі. Бірақ біз өз жағымыздан жағдайды түсініп. Водовоз қойдық», – дейді «Тараз су» кәсіпорны диспетчерлік қызметінің аға диспетчері Батырхан Дәуренбеков.

Сәрсенбіде тоқтаған су бүгін беріле бастады. Ел енді ем домсыз өткен күннің өтеуін талап етіп отыр.

Жіберіп алмаңыз:

Наразылық: Алматыда автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды

Жантүршігерлік апаттан соң Шахандағы үйлер жылу қазандығына қосылып жатыр

Павлодарда құмар ойынның көрігін қыздырған қылмыстық топ мүшелері сотталды

Түлектердің ата-анасы грант шешімдеріне келіспейді: Білім министрлігі қандай жауап қатты

Талқылау