Тараз мектебінде 12 жасар қыз зорланды: Мектеп директоры мен үш қызметкер қызметінен босатылды
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасындағылар Таразда мектеп аумағында зорланған 12 жасар қыздың оқиғасына қатысты пікір білдірді. Басқармадағылардың сөзінше, бүгінгі таңда мектеп директоры мен үш қызметкері қызметінен босатылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "ҚазАқпаратқа" сілтеме жасап.
Таразда оқиға орын алған №6 мектепте ата-аналар тобы жергілікті билік және облыстық білім басқармасының өкілдерімен кездесті. Облыстық білім басқармасы басшысы Рахия Тұрмаханбетованың сөзінше, бүгінде мектептің директоры, директордың құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары, мұғалім мен вахтер қызметінен босатылған.
«Анықталғандай, мектептің ішінде де, сыртында да дәретхана бар. Мектеп аумағында бейнебақылау камералары орнатылған. Олардың бәрі істейді. Сол кезде мектептің ішіндегі дәретхана ашық болған. Видеожазбадан байқағанымыздай, оқушы қыздың мектептің ішіндегі дәретханаға кіргені көрінеді. Алайда ол жерде басқа қыздар болған. Сондықтан мектеп ғимаратынан шығып, көшедегі дәретханаға барған», - дейді Рахия Тұрмаханбетова.
Сондай-ақ, білім басқармасының басшысы қаладағы мектептердің аумағына қосымша бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отырғанын айтты.
Еске сала кетсек, Таразда педофилдің тапа-тал түсте 12 жастағы қызды зорлаған еді. Күдікті арам пиғылын мектеп дәретханасында іске асырған.