Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Тараз әкімінің бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін 4 жылға сотталды

Фото: facebook.com/nurbol.kaldybaev

Жамбыл облысында құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша сот аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айыпталушылар қатарында қала әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрбол Қалдыбаев пен мердігер ұйымның өкілі бар.

Айта кетейік, Нұрбол Қалдыбаев 2023 жылдың 11 желтоқсанында, қызметінен кеткеннен үш апта өткен соң ұсталған еді. Сот барысында ол өз кінәсін мойындамады, алайда мердігердің берген айғақтары шенеуніктің нысандардың нақты жағдайынан хабардар бола тұра, жалған қабылдау актілеріне қол қойғанын растады. Мердігер де жауапқа тартылып, аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Мердігер Тараз қаласы әкімдігі жариялаған мемлекеттік тендер аясында үш бес қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізуі тиіс болған. Алайда ол құрылыс жұмыстарын аяқтамай, жалған актілер жасап, нысандар толық тапсырылды деп көрсеткен. Ал қала әкімінің орынбасары, мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы әрекет етіп, жеке пайда табу мақсатында жалған актілерге қол қойған. Соның негізінде бюджеттен 519 миллион теңгеден астам қаражат кәсіпкерге аударылған.

Тергеу барысында Қалдыбаев 2022 жылдың шілдесінен 2023 жылдың қарашасына дейін құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қадағалай отырып, "Ұлы Дала" ықшамауданындағы екі көпқабатты тұрғын үйді құрылыс толық аяқталмаса да, пайдалануға қабылдағаны белгілі болды. 

Келтірілген залалдың бір бөлігі құрылыс жұмыстары арқылы өтеліп, жалпы шығын көлемі 137 миллион теңгеден асып кеткен. Оның ішінде 104,8 миллион теңге мердігердің жауапкершілігіне жатады. Қалған сома бойынша сот екі айыпталушыны бірлесіп залал келтірген деп таныды.

Мердігер өз кінәсін толық мойындап, кінәсін мойындауы мен кәмелетке толмаған баласының бар екені жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Әкімнің бұрынғы орынбасары өз кінәсін мойындамады.

Сот экс-шенеунікті қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 18:33
Талқылау