Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал спортшы Нұрбақыт Теңізбаев аудан әкімі болып тағайындалды

Танымал спортшы Нұрбақыт Теңізбаев Алматы облысындағы Кеген ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“ҚР Президенті әкімшілігінің және Кеген аудандық мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша және Алматы облысы әкімінің өкімімен Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев Кеген ауданының әкімі лауазымына тағайындалды”, – делінген хабарламада. 

Нұрбақыт Теңізбаев 1983 жылы туған. Еңбек жолын 2001 жылы Қазақстан Республикасының грек-рим күрес федерациясының спорт-нұсқаушысы болып бастаған.

Әр жылдарда Астана қаласындағы Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының грек-рим күресінен спорт-нұсқаушы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарында, Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының №12 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің әдіскері, директордың оқыту-спорт жұмыстары бойынша орынбасары, Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры қызметтерін атқарған.
2018 жылдың қазан айынан Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымын атқарып келген.

Нұрбақыт Молдахметұлы грек-рим күресінің палуаны, жастар арасында әлем чемпионы (Ыстанбұл, 2003 жыл), 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2009 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. "Құрмет" орденінің иегері.

Талқылау