Танымал спорт журналисі "Ордабасы" футбол клубында лауазымды қызметке тағайындалды
Фото:”Ордабасы” фк
Танымал спорт журналисі Ермұхамед Мәулен "Ордабасы" футбол клубында жаңа қызметке кірісті. Ол клуб президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ермұхамед Мәулен елімізге белгілі спорт комментаторы әрі медиа саласында мол тәжірибесі бар маман. Бұған дейін ол 2022-2024 жылдар аралығында Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі қызметін атқарған.
"Ордабасы" футбол клубының президенті кеңесшісі қызметіне Ермұхамед Мәулен тағайындалды. Ермұхамед Мәулен осыған дейін Қазақстан футбол федерациясының Қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаментінің директоры, ҚФФ президенті кеңесшісі және Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы болып еңбек атқарған. "Ордабасы" футбол клубына қош келдіңіз дейміз!" – делінген клубтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ермұхаме Мәуленнің спорт журналистикасындағы еңбек жолы 2013-2016 жылдары "Qazsport" телеарнасында редакторлық қызметтен басталды. Ол 2014 жылы Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионатын қазақ телевидениесі тарихында алғаш рет тікелей оқиға орнынан жүргізіп, көпшілікке кеңінен танылды.
Кейін 2017-2018 жылдары "Егемен Қазақстан" газетінің спорт бөлімін басқарды. Ал 2019 жылы "Хабар" агенттігінде спорттық бағыттағы жобалардың продюсері ретінде жұмыс істеді.
2020 жылы "Qazsport" телеарнасына қайта оралып, арнайы жобалар редакторы қызметін атқарды. 2021 жылы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне жетекшілік етсе, келесі екі жылда федерация президентінің кеңесшісі болды.
Ермұхамед Мәулен – отандық спорттың дамуына белсене атсалысып жүрген, спорт медиасында өзіндік орны бар беделді тұлға.
"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)