Танымал актер, режиссер Балтабай Сейітмамытұлы өмірден өтті

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, актер, режиссер Балтабай Сейітмамытұлы 76 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Суық хабарды мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді.
“ҚР Мәдениет және ақпарат министрлигі актер, режиссер Балтабай Сейітмамытұлының өмірден озуына байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады. Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Балтабай Сейітмамытұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!” – делінген хабарламада.
Балтабай Сейітмамытұлы – саналы ғұмырын қазақ сахна өнеріне арнаған сирек болмысты тұлға еді. Ол Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер академиялық театры мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының алтын қорына айналған бейнелер галереясын қалыптастырып, классикалық және заманауи драматургияны терең философиялық оймен, биік актерлік мәдениетпен сомдай білді.
Айта кетейік, Балтабай Сейітмамытұлы 1950 жылы 11 сәуірде Алматы облысы Жамбыл ауданының Қастек ауылында дүниеге келген. “Жүрегім ашық жақсыға” кітабының, жарияланған спектакль рецензияларының авторы.
Ол I.Есенберлиннің “Ғашықтар” (Амантай), Е. Ерубаевтың “Менің құрдастарым” (Рахмет), С. Жүнісовтың “Жаралы гүлдер” (Военком), А.П. Чеховтың “Шағала” (Тригорин), Ш. Мұртазаның “Бесеудің хаты” (Иванов), У. Шекспирдің “Даулы түнгі думан” (Тизей), М. Әуезовтың “Абай” (Айдар) спектакльдерінде ойнады.
Сейітмамытұлы 2002 жылы Қазан қаласында өткен Халықаралық Түркітілдес елдердің театр фестивалінде Иран-Ғайыптың “Қорқыттың Көрі” аңыз-дастанындағы Қорқыт рөлі үшін, “Ең үздік ер адам бейнесі” жүлдесі бойынша Халықаралық театрлар фестивалінің екінші мәрте лауреаты атанды. “Алтын қанатты адам” сыйлығын иеленді.
"Қазақстанға келгеніне небәрі 4-ақ жыл": Бұрынғы министр Қанат Шарлапаев туралы не белгілі және ол "Атамекенде" бизнесті қорғай ала ма