"Тамақ жеуге келіп, қоқысқа толтырып кетеді": Алматы циркінің қызметкері қойылымнан кейінгі залды көрсетті
Фото: Видеодан скриншот
Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінің қызметкері көрермен залының қойылымнан кейінгі жағдайын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрлардан еденде тағам қалдықтары жатқанын көруге болады. Видео авторы көрермендер циркке өнер тамашалаудан гөрі тамақ жеуге келетіндей әсер қалдыратынын айтып, наразылығын білдірді.
“Адамдардың қалай отыратынын қараңыздаршы, сұмдық қой. Қойылым көруге емес, жай ғана тамақтануға келетіндей”, – деді видео авторы.
Видеода еденде шайналған сағыз, чипстер, бос бөтелкелер және түрлі тағамнан тамған дақтар анық көрінеді.
Қызметкердің сөзінше, әр қойылымнан кейін бауырымен бірге залды жинайды және мұндай көрініс жиі қайталанады. Әсіресе мектеп оқушылары топ болып келген күндері қоқыс әлдеқайда көбейеді.
“Тазалық тек жинастыруға емес, әрқайсымыздың мәдениетімізге байланысты”, – деді ол.
Желі қолданушыларының бір бөлігі видеоны түсірген қызметкерді қолдап, өзгенің еңбегіне құрмет көрсету қоғам мәдениетінің деңгейін көрсететінін жазды.
“Мұндай жерге тамақ алып кіруді тыйым салу керек. Тамаққа тойып келсін. Олар тек айналасын шашса мейлі ғой, қойылым бойы тамақ жеп, шулап отырады”, “Менталитет осындай ғой”, “Мәдениеттен жұрдай”, “Сұмдық-ай”, – деп жазған қолданушылар.
Цирк әкімшілігі не дейді?
Цирк баспасөз қызметі әзірге көрермен залына тағам кіргізуге тыйым салу жоспарланбайтынын мәлімдеді. Олардың мәлемітінше, мұндай тәжірибе әлемнің көптеген циркінде бар. Ал мәселенің түп-төркіні тамақ жеуге рұқсат етілуінде емес, кейбір көрермендер мәдени мекемеде өзін ұстаудың қарапайым ережелерін сақтамайды.
Әкімшілік көрермендерді тәртіп сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға шақырды.
Сондай-ақ келер уақытта циркті қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Оның аясында көрермен жайлылығы мен буфет аймақтарын ұйымдастыру мәселелері қосымша пысықталды. Цирк қонақтарына буфетті қойылым басталғанға дейін, антракт кезінде немесе шоу аяқталғаннан кейін пайдалануға кеңес берілді.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған