"Тамақ берер ем": Ресейлік ОСК басшысы өзіне шабуылдаған қазақстандық ер адамға қатысты пікір білдірді
Ресейдің Орталық сайлау комитетінің басшысы Элла Памфилова өзіне шабуылдаған қазақстандық ер адамның әрекетіне қатысты пікір білдірді. Ол оқиға кезінде шок алғанын жасырмады.
Сурет: Лина Корсак/ Коллаж: Stan.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «РИА Новости» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Элла Памфилова ер адам өзінің үйіне басып кірмей, есікті қағып, тамақ немесе жұмыс сұраған жағдайда, қалағанын берер едім дейді.
«Тамақ берер едім... Мен аш мысықтар мен иттерді тамақтандырамын. Екі қаңғыбас мысықты асырап отырмын. Алайда адамды тамақтандыруда тұрған қиын ештеңе жоқ», - дейді ресейлік шенеунік.
Сонымен қатар ОСК басшысы қазір бұл оқиғаға қатысты әзілдей алғанымен, сол кезде күлетіндей жағдайда болмағанын айтты.
Еске сала кетсек, бұған дейін БАҚ-та ОСК басшысы Элла Памфилованың үйіне белгісіз біреудің басып кіріп, оны электрошокермен бірнеше рет ұрып, қашып кеткені хабарланған еді. Артынша шенеунікке шабуылдаған ер адам шамамен 5 жыл Ресейде тұрып жатқан Қазақстан тумасы Башит Қарабалаев екені анықталды. Өз әрекетін түсіндірген ер адам аш болғанын және тамақ іздегенін айтты.