Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғат Ермегияев сотта соңғы сөзін айтты

“Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясындағы қаржы жымқыру ісіндегі басты айыпталушы Талғат Ермегияев өзіне тағылған айыптарды терістеді деп хабарлады Tengrinews.kz сайты.

талғаттт

Сурет vlast.kz сайтынан алынды.

Бүгін Астанада өтіп жатқан сотта соңғы сөз берілген Ермегияев “коррупцияға қарсы қызметтің тергеу кезінде қолданылған әдістері кейде адамды жалған куәлік беруге мәжбүрлейді” деп мәлімдеген.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әділхан Шайхисламов коррупцияға қатысты айыптар тағылған “Астана ЭКСПО-2017” компаниясының бұрынғы басшысы Ермегияевке үкім 10 маусымда жарияланатынын айтты. Бұған дейін прокурор Ермегияевті 14 жылға соттауды сұраған.

“Жұрт маған айтпағанды айтқызуда. Бірақ олар мені иліктіре алмай жатыр. Мен өзім кінәлі емес нәрсені мойындай алмаймын және мойындамаймын да. Мен процестің қалай кетіп бара жатқанын түсініп отырмын және кез-келген қорытындыға дайынмын. Бірақ мұнда отырған және тергеумен келісімге келмеген адамдар зардап шекпеуі тиіс… Менің абақтыда отырғаным кейбір адамдарға керек болды” деген Ермегияев.

Бүгінгі сотта сонымен қатар “Астана ЭКСПО-2017” компаниясы құрылыс департаментінің бұрынғы бастығы Қажымұрат Үсенов те соңғы сөзін айтты. Ол өзіне тағылған айыпты мойындайтынын және ол үшін өкінетінін айтып, соттан денсаулық жағдайын, жұмыс тәжірибесі мен шығынды өтегенін ескеруін сұрады.

Үсенов пен осы іс бойынша сотқа тартылған тағы 11 адам “кінәсін мойындау” туралы процессуалдық келісім жасасқан. Бұл сотталушыларға қатысты іс жеке өндіріске алынып, басқа судья қарап жатыр.

Талғат Ермегиевқа қылмыстық кодекстің 311-бабының 5-тармағы (“пара алу”), 189-баптың 4-тармағының 2-бөлімі (“өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету”) бойынша айыптар тағылған. Тергеушілер дерегінше, Талғат Ермегияев 4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленген.

Ермегияев 13 мамырда өткен сотта өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген. Талғат Ермегияев 2015 жылы маусым айында сот шешімімен үйқамамаққа алынған.

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы Астанада 2017 жылы өткізу жоспарланған халықаралық көрмеге дайындықпен айналысады.

Талқылау