Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе 170 адам куәгер болған – Депутат іске қатысты мәліметтерді жариялады
Талғардағы 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты әлеуметтік желілерде тараған әртүрлі тексерілмеген ақпараттарға орай, мәжіліс депутаттары Абзал Құспан мен Ұнзила Шапақ өңірдегі құзырлы орган өкілдерімен кездесті. Кездесу кезінде олар іс бойынша 170-тен астам куәгерден жауап алынғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Абзал Құспанның желідегі парақшасынан
Депутаттар Алматы облысының прокуроры Берік Адамов және облыс полиция департаментінің басшысы Мейрам Абикеевпен кездескен. Абзал Құспан Алматы облысына арнайы барып, істің барысы туралы анық-қанық білгенін айтып өтті.
"Соңғы күндері Талғардағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қоғамда қызу талқылау жүріп жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттың таралуына байланысты, көп жағдайда тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулерге назар аударылды. Заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңызын атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін", – дейді Абзал Құспан.
Ол 40-қа жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлімі де қатысты пікір білдірді.
"Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам ұсталғаны белгілі. Қазір тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы іс бойынша 170-тен астам куәгерден жауап алынып, 40-қа жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр. Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің қоғамдық маңызына байланысты мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз", – деді Абзал Құспан.
Абзал Құспанның сөзінше, оған облыс прокуроры Берік Абызбайұлы кездесу барысында бұл істің құқықтық және әділдік принциптеріне сай қаралатынын мәлімдеп, уәде берген.
"Алдағы уақытта тергеу барысы мен ресми ақпараттарды жариялап отырамын. Қазір кез келген расталмаған ақпараттан аулақ болуға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамын. Заңның үстемдігі мен әділдік жолында бірге болайық" – деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі 4 қазанға қараған түні болғанын жаздық. Жасөспірімді дүкен жанында төбелес шығарған топ анасының көз алдында ұрып-соғып, пышақтап кетті. Шерзаттың әкесі Бас прокуратураға әділ тергеу жүргізу өтінішін білдіріп, отбасын қорқытқанын айтты. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын жеке бақылауына алғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар қылмысқа қатысы бар 11 адамды анықтады. 12 қазан күні марқұмның отбасының үйі өртеніп, қаза тапқандар мен жарақат алғандар болмады. Өлген баланың отбасы қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді.
Жасөспірімнің өлтірілуіне байланысты Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары қызметтерінен босатылды, сондай-ақ Талғар ауданы әкімінің аппаратының жетекшісі де жұмыстан шығарылды.
Келесі күні Алматы облысы жоғары лауазымды полицейлерінің бірнешеуі жұмыстан босатылғаны белгілі болды. Ішкі істер министрлігі осы қылмыстық іс бойынша бірнеше бап бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
9 желтоқсан күні Талғар маңынан Шерзаттың туысы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті табылды. Ол өлер алдында жазған хат қалдырған. Сарапшылар оның өлім себебін анықтады. Нұрқанат Ғайыпбаевтың жерлеу рәсімінде Шерзаттың әкесі Каржаубай Нұрымов әділдікті талап етіп, өзін өзі өлтіремін деп қорқытты. Соңында Шерзаттың әкесі тұтқындалды, оған да қылмыстық іс қозғалды.